Қазақстандағы тілдер болашағы

(Қазіргі қазақстандық әдебиет – жұмыс тілдері және шығармаларды жариялау мүмкіндіктері)

Ақжан Аманжол

Қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан жаһандану жағдайында қоғамның бәсекеге қабілеттілігі, сондай-ақ жалпыұлттық сәйкестілік түсінігі өз маңыздылығын жоғалтпайды. Бұл орайда әдеби-мәдени мәселелер ішінде тіл мәселесіне аса назар аударылатыны рас.

Бүгінде Қазақстанның мәдени өміріндегі екі тілдің арасын көпір бөліп тұрғандай сезіледі. Бұл өткізілетін іс-шараларда және жалпы әдеби үдерістің өзгешелігінен байқалады. Дәл осы себепті автордың заманауи әдеби кеңістікте өзіндік орнын табуы және мүдделес, пікірлес адамдармен көзқарас алмасуы қиынға түседі деген ой туындауы мүмкін.

Дегенмен, соңғы уақытта қазақстандық қазақ және орыс тілді қаламгерлер арасындағы диалогты нығайту мақсатында біршама жобалар іске асырылып жатқанын байқадым. Солардың ішінен ерекше атап өткім келетіні – STYQ online бағдарламасы аясында өткізілген «MÄTIL» жобасы. «MÄTIL» – «мәтін» және «тіл» сөздерінен құралған. Көрмелер, панельдік талқылаулар және аударма шеберханасы сынды үш бөліктен тұратын бұл жоба өнер мен мәдени өмірдегі тілдік практикаға бағытталған. Бұл практика аясында заманауи өнер тілі, авторлар арасындағы диалог және көркем аудармаларға аса мән беріледі.

Көркем аударма шеберханасында қазақстандық қазақ және орыс тілді ақындар өзара туындыларын аударумен айналысты. Сондай-ақ, шетелдік қаламгерлермен де тәжірибе алмасу мүмкіндігі болды. Шеберхана жұмысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілген.

MÄTIL бағдарламасының панельдік талқылаулар бөлігі тілдік бастамаларды қамтыған. Талқылауларға Назарбаев Университетінің профессорлары мен студенттері, тіл мамандары, өнертанушылар, аудармашылар, ақындар және басқа да белсенді қауым өкілдері қатысып, тілге қатысты мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, тілдердің өзара әрекеттесуіне қатысты тәжірибелері мен көзқарастарымен бөлісті.

Осы жоба аясында өткен «Тіл бастамалары» панельді пікірталасында қазақ тілі мәселелері төңірегінде жұмыс атқарып жатқан «QazSoz», «QazaqBubble», «QazaqshaJaz» жобалары мен қозғалыстарының, көркем аудармамен айналысатын «Солақайлар» әдеби клубының жұмыстары жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ, осы бастамаларды қолға алған жастар тіл мәртебесін көтерудің маңыздылығы, тіл мәдениетіндегі өзгерістер және жиі туындайтын қиындықтар жайлы айтып өтті. Осы орайда қоғамдағы тіл мәселесінің қалай қолдау тауып жатқанын байқауға болады.

Осы секілді талпыныстарды мен әдебиет саласында, атап айтқанда поэзия бағытында жиі байқаймын. Қазақ және орыс тілді ақындардың бірлескен поэзия кештері мен жиындары болып тұратыны қуантады. Осындай бастамалар қаламгерлерге өз шығармаларын жариялауға және әртүрлі аудиториялармен бөлісуге мүмкіндіктер сыйлайды.

Бұл шығармашылық ізденістегі авторлармен байланысты нығайтудың және әдеби үдеріске деген көзқарасты өзара тәжірибе алмасу арқылы кеңейтудің бірден-бір жолы деп есептеймін.