Оқырман нені қалайды?

Ақжан Аманжол

Бүгінде дүниежүзі елдері біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастырып, ғаламтор адамзат өркениетінің ортақ құндылығына айналды. Соның есебінен әртүрлі мәдени, қоғамдық платформалар, сондай-ақ көркем шығармалар да оқырманға қолжетімді бола бастады. 

Дегенмен, авторды оқырманмен байланыстыратын «көпір» әлі күнге дейін толықтай жетілмеді деген ойды жиі естуге болады. Бұл тұрғыда заманауи оқырманға қандай шығарма қажет екені және автордың өз туындысын оқырманға қалай жеткізетіні жайында ойлану керек деп ойлаймын. 

Заман талабына, өзіндік ерекшеліктеріне сай оқырманның да талғамы өзгеріп тұратыны анық. Сол өзгерістерге бейімделетін қоғамға жаңа шығарма, жаңа тіл, жаңа түсінік керек деп ойлаймын. Заманауи оқырманның танымына, белгілі бір аудиторияның қабылдауына икемделген жанрлық, мазмұндық эксперименттер жоқ емес, әрі соңғы уақытта жиі кездеседі. Алайда, оқырманмен тығыз байланыс орнату үшін оны қоршаған қоғам, қолданыстағы сөздері, ортасы мен мәдениеті секілді элементтерді де ескеру керек секілді. Мәселен, бізде қазіргі қоғамды бейнелейтін сюжеттер, заманауи кейіпкерлер өте аз. Сол себепті де шығарма өз оқырманын таппай жатады деп ойлаймын. 

Сонымен қатар, кітаптардың сатылымы және аударма мәселесі де өз маңыздылығын жоғалтпайды. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі кітаптар мен аудармалар біртіндеп көбейіп келеді, бұл қуантарлық жайт. Дегенмен, салыстырмалы түрде аз. Әлемдік шығармаларды қазақ тіліне аударумен қатар, қазақстандық қаламгерлерді де үлкен аудиторияға танытумен, шығармаларын аударумен айналысуды дұрыстап қолға алу керек деген ойдамын. 

Бұл пікірлерді қазақстандық қаламгерден гөрі, қарапайым оқырман ретінде бөлісіп отырмын.