Қазақстандық әдебиет қайда бет бұруы керек: шығысқа ма, батысқа ма?

Алишер Рахат

Меніңше, бұл – өте күрделі тақырып. Осы орайда, «Қазақстан азаматтарының танымында батыс басым түсе ме, әлде шығыс па?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал өнер, өз кезегінде, қоғамның айнасы деп алсақ, айнада нені көреміз? Әрі, бұл жерде тек батыс пен шығыстық көзқарас танымнан бөлек, қазақы салт-дәстүр мен әлемді қазақ болып қабылдау мәселесі бар. Ол батыс пен шығыстан да өзгешелеу.

Ашаршылыққа дейін, Кеңес Одағы орнамай тұрып, қазақ қоғамы шығыс пен өз салт-дәстүрін синтездеп, бірегейлендірген болатын. Шығыстан келген Ислам дінін де әдеп-ғұрпымен ұштастыра отырып, Қожа Ахет Яссауи негізін қалаған Сопылық ілім пайда болды. Орталық Азияның байырғы халқының діні – Тәңіршілдікпен үйлесімін тапты. Адамның өле-өлгенше өз-өзімен күресуін, адамның өз қалауы мен нәпсісінен биік тұруын, адамгершілікті, адамзаттың алдындағы жауапкершілікті бәрінен жоғары қоюды, тірі күнінде өлімге бойұсынуды дәріптеді. Сол үшін де Қазақ халқының билері Сопы болды, әділ болды, Ханға шындықты айтудан тайсалмады, ағайын-туысына болыспады, сол үшін де халық иманындай сенді, өйткені олар уақытынан бұрын өлімге көнген жандар еді.

Алаш Орда партиясының, қозғалысының зиялылары батыс пен шығысты меңгеріп, оны қазақтың дүние танымына ыңғайлауға күш салады. Оны Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатовтың аудармаларынан, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінен байқауға болады. Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан бастаған бұл топ қазақ халқын әлемдік көшке ілестіруге тырысқанының айқын көрінісі деп бағалаймын. Бірақ, қолдан ашаршылық жасалып, қазақ ұлтының тең жартысы қырылып, көзі ашық, білімді азаматтары репрессия құрбаны болады да, халық үркек болып қалады. Күн көру қиынға соғып, білім-ғылымға, өнерге ұмтылудан бұрын, тірі қалу бірінші орынға шығады. Яғни, ұлттың барлық құндылықтары біртіндеп жойыла бастайды, руханияты әлсірейді, сол кезеңде, батыстық көзқарасты халыққа таңады. Ол заманда, меніңше, батыс елдері сол дәуірге эволюциялық жолмен келген еді. Карл Маркстың, Чарльз Дарвиннің ілімі, Фридрих Ницщенің философиясы, Зигмунд Фрейдтың еңбектері, әр-түрлі қозғалыстар, әйел теңдігі, адамның құқықтары секілді түсініктер түркілігі мен шығыстығы ұштасқан қазақ ұлтының санасына кіре бастады. Онда да, Кеңес үкіметі еркін ойлайтын білім-ғылым, өнер адамдарын қысымға алып, қатаң цензурамен бақылауда ұстады. Демек, қазақ ұлтына эволюциялық жолмен емес, жабайы түрде, вирус болып енді. Адамдардың бойында үнемі үрей болып қалатын ГУЛАГ, КарЛАГ секілді қорқыныштардың ғимараты болды, сәл қателессе күтіп тұратын. Ницше мен Дарвин «өлтірген» Құдайдың орнына батыстың азаматтары «өздері Құдай» болып, демократияға жақындаған мерзімде, КСРО елінде Құдай орнына Ленин, Сталин секілді билік адамдары келіп, өздерін күн көсем деп жариялады.

Ал бүгінгі Қазақстан қоғамы КСРО-ның кесіренен Семей полиганы секілді немесе тартылған Арал теңізі іспетті. Әр тұлғаның бойында бір-біріне кереғар бірнеше ойлар өмір сүреді. Ұлттық наным-сенім, салт-дәстүрдің түп негізін білмейді, бірақ сақтағысы келеді, әсіредіншіл көзқарастарды «жұқтырып» алып, оны мына заманның өмір ағысына сәйкестендіре алмайды, батыстық дүние таным да жат секілденеді, бірақ уақыттың талабындай көрінеді, соның бәрін қиюластыра алмай дал болып жүрген секілді.

Ал енді негізгі сұраққа келер болсақ, қазақстандық әдебиет батыс пен шығысты бөлмей, бір-бірімен ұштастыра отырып, қазақы нақышқа, мазмұнға орауы керек деп санаймын. Әлемдік өнерге өте қатты ықпал еткен Фрейд, Ницше, Шопенгауэр, Юнг секілді тұлғалардың ілім-білімін сіңіре отырып, шығыстық мифтермен сәйкестендіріп, қазақылықпен байланыстырғанда – Қазақстандық әдебиет ұтылмайды деп санаймын және соны оқыған әрбір оқырман көкейіндегі сұрақтарына жауап алар, бәлкім.