Қазақстандағы тілдер болашағы

Алишер Рахат

Қазақстан – көпұлтты мемлекет, сәйкесінше, әр ұлттың өз тілі, діні, ділі бар. Мен өзім Алматының ұйғыр ұлты шоғырланған ықшам ауданында тұрамын. Олар күнделікті тұрмыс тіршілікте ұйғырша, ал көшеге шыққаннан соң, орыс тілінде сөйлейді. Қазақстанның әр түкпіріндегі ұлттардың жалпылама көрінісі осындай. Осы Алтай мен Атыраудың арасын бағзыдан бері мекен ететін қазақ ұлтының азаматы да карьерасы жоғарылаған сайын, әлеуметтік жағдайы өскен соң, орыс тіліне бүйрегі бұрып тұрады. КСРО кезінде ғалым, профессор, өнер тұлғалары, олардың ұрпақтары, саяси, рухани элитасы орыс тілінде сөйледі. Бұл, бәлкім, ұлттық комплекс пе екен, білмедім. Соның салдарынан, қазақ тіліне үлкен қауіп төнді. Қазіргі кезде ресми деректер бойынша, Қазақстан халқының жетпіс пайызы қазақ тілінде сөйлегенімен, орыс тіліндегі сөздермен күнделікті тіршілікте кездеседі. Өйткені, тұрмыстық техникалардың атаулары, электроника, компьютерлік, смартфондық программалардың бәрі дерлік орыс тілінде. Көліктің бір бөлшегі бұзылса, соны базардан сатып алу үшін де орыс тіліндегі атауына жүгінеді, себебі қазақшасы жоқ, бар болса, қолданысқа енбеген.

Екіншіден, әлемдік әдеби шығармалар, ғылыми еңбектер, жақсы фильмдердің басым көпшілігі орыс тілінде. Аударылмаған. Яғни, адам тұлға болып қалыптасу үшін білім-ғылымға, өнерге ден қояды, ал оны орыс тілінде оқиды, көреді, сол үшін де оның руханиятын орыс тілі толтыра бастайды. Тіптен, «Меломан» кітап дүкендер желісінің ішіне кірсеңіз, жетпіс-сексен пайызға жуығы орыс тіліндегі кітаптар және солардың таралымы өте жоғары. Қазақ тілінде шығармалар, еңбектер өте аз және таралымы да төмен.

Бірақ, қазақ тілі даму үстінде.

Бұл мәселенің шешімін өз басым қалай көремін? Орыс тілді, ұйғырша, т.б. тілде жазатын барлық әдебиетшілерді қазақ тіліне аударып, барлық жазушыға ортақ көркем әдебиет кеңістігін жасау. Бұл біртұтас мемлекет ретінде бірлігімізді нығайтуға да септігін тигізеді. Ортақ тақырыптар мен бірегей көзқарастардың, идеялардың тууына, Қазақстанда әдебиеттің, мәдениеттің дамуына зор үлес және қазақ тіліне деген құрмет болар еді. Қазақстандық барлық әдебиетшілердің ортақ аудиториялары қалыптасушы еді. Жанр бойынша, жастық ерекшелік, қызығушылық, тақырыптар бойынша дайын оқырмандар пайда болады, өз кезегінде, ақын-жазушы, драматургтер шығармашылығымен күн көрер еді. Сондай-ақ, қазақ тілді және басқада тілде жазатын жазушылардың шетелде басылуы үшін орыс, ағылшын тіліне аудару мәселесін жолға қойған жөн деп санаймын. Сол үшін де, Алматы Жазушылар Резиденциясының осы бір жобасына және оның қолдаушыларына алғысымды айтқым келеді! Бұл қазақстандық әдебиеттің әлем әдебиетінің көшіне ілесуіне жасалған алғашқы қадамдардың бірі деп санаймын.