Оқырман нені қалайды?
Аман (Амангелді) Рахметов
Үстелге отырар алдында мен Камиль Короның «Оқып отырған әйеліне» ұзақ қарадым. Бұл сурет 1896 жылы салынған, онда кітап оқып отырған әйел және артқы жағында алыста тұрған қайықтағы бір адам бейнеленген. Әйелдің сол қолы иегінің жанында, ол бетінің бір жерін қасуға оқталған кезде кітаптағы мәтіннен таң қалдыратын бір нәрсе оқығандай көрінеді. Мүмкін, ол кітапты қолына алғанда онда таңғаларлық ештеңесі жоқ деп ойлаған болар, бірақ беттерін парақтай отырып, оқуға беріліп, кітаптан бас көтере алмайды. Келбеті сәл өзгергендей болады. Сол сияқты, айнаға ұзақ қараған адам өзінің ішкі дүниесіне үңіле бастайды. Мен де оқырман ретінде мені таң қалдыратын кітапты тапқым келеді.
Асүйде отырып, мен бос тұрған киім ілгішке қарап, кәдімгі ескі пальтоны көз алдыма елестетемін. Иісі қандай екені маған қызық. Мүмкін, бұл пальтодан үйде жасалған печенье мен темекінің иісі шығып тұр. Пальто маған шап-шақ екен. Бір күні кешкісін мен үйге шаршап келіп, үстімдегі пальтомды шешпей креслоға отыра кетемін. Киімді шешпеуімнің себебі ерінгендігімнен емес, суық пәтерде жалғызсырап отырғандығымнан. Сосын мен ұйықтап қалып, қызықты бір түс көремін: онда мен бір қонақүйден кейін екіншісіне соғып, бейтаныс шабарманды күтіп жүремін, маған құмарлана қарап тұрған бір әйелге үйленбек боламын. Сол сияқты жақсы кітап жәй ғана бір зат емес, бірақ оның заттарға тән өз иісі болуы керек. Жақсы кітап оқырманның көзінен жас шығарудың орнына, көз жасының кермек дәмін сәл болса да азайтуы керек.
Менің әр жаңа кітапқа қоятын метафизикалық талаптарым шексіз, әсіресе құнды классиканы сөз еткенде. Ал қазіргі әдебиет туралы айтар болсам, талғамыма сай кейбір шектеулер туындайды. Бұл автордың маған, яғни оқырманға деген қарым-қатынасы. Ол мені аямасын. Маған адал болсын. Менің әйелім атқандай, қазіргі жазушылардың көбі өз оқырманын жете бағалай бермейді, бұл олардың қателігі, себебі шығарма оқу – бұл өз-өзіңді «тәрбиелеу» деген сөз. Бұл оңай емес, себебі қашанда таңдау мүмкіндігі бар. Таңдау – бұл әлдеқашан дайын нәрсенің бейнесін өзіңе қабылдау мүмкіндігі. Жақсы автор да өз таңдауын жасайды, бірақ біз бұны байқамаймыз. Ол өзі бұрын тапқан шығармашылық ортада өмір сүреді, бұл дегеніміз, мүсінші жұмсақ тастары бар бір алқапты тауып алады немесе өзінің ішкі дүниесінде осындай ортаны жасайды деген сөз. Ал оқырман ше? Мүмкін, оған да бір орта керек шығар? Бірақ мен олай ойламаймын. Оқырманға жұмсақ диван мен жақсы жарық керек. Ол ештеңеге алаңдамауы керек, ал жанында балық аулайтын біреу болса, тіпті жақсы болар еді.
Оқырман тек оқуға берілу арқылы ғана бақытты мәңгі іздей алады. Жұтқан ауасынан қобыздың шерлі үнін жасай алады, өйткені жақсы шығарма сіз үшін үнемі жаңалық ашады. Оқырман мен жазушы арасындағы әріптік қарым-қатынастардың ең жақсы жағы осында.
Оқырман түсініп отырғанындай, әрбір анықтама ол қашанда шектеулі, бірақ бұл әр затқа анықтама беруге тырысады. Паскальдің айтуынша, поэзия – бұл шексіз кеңістік, оның ортасы әр жерде, ал шекарасы жоқ. Бірақ оқырманның өзіндік шекарасы бар. Ол бір жолды түрлі-түсті қарындашпен белгілеп, сол арқылы есте сақтайды. Жұлдыз заңы мен гүл формуласы. Евгений Абдуллаев бір эссесінде поэзияны ғылыммен салыстырды. Ол: «Поэзия өз дамуында поэтикалық жинақты қажетсінбейтін кәсібилік пен эзотериканың сатысына жетті ме?» – деп жазды. Мүмкін, солай шығар, бірақ тағы қайталаймын, оқырман да ақымақ емес.
Кеше мен түнгі сағат үште темекі шегуге сыртқа шықтым. Ай жарығы сондай айқын әрі қою, ал бұлттар дайындалып жатқан мақта кәмпитіндей көрінетін. Есіме балалық шағымның бақытты сәттері түсті: анам мені саябаққа апарған кезде мен осы қанттан жасалғандай көрінетін машиналарды алғаш рет көрдім. Оқырман мен автор арасындағы байланыс олар кездеспес бұрын орнатылған. Оларды алдымен өмір, ал содан кейін сөз бен баспахана сырының иісі байланыстырады. Жақында әпкем: «Кітап оқыған кезде мен өзімді мәтіннің әр жолынан іздеймін. Мен әділдік, батылдық, сезімталдықтың өзіне айналғым келеді. Сөздер менің жаныма батып, менің ішкі әлемімді құрса екен деп тілеймін», – деді.
Мен асүйде отырмын, бос тұрған киім ілгішке қарап, кәдімгі ескі пальтоны көз алдыма елестетемін. Бұл менің ешқашан көрмеген әкемнің пальтосы.