ЕЛЕС
Ардақ Нұрғазыұлы
Тарихтың қан сасыған ауласында,
балталарын сүйеп қойып,
екi жендет шахмат ойнап отыр.
Тұсауы кесiлген сәби тәлтiректеп,
күйген қанатымен көтерiлiп ұша алмаған
көбелектi қуып жүр.
Қоршаудың сыртында бiреулер
таласқан әтешке үймелеп,
қалпақтарын аспанға атып жатыр.
Мешiттiң төбесiнде көлеңкесi жоқ ай бұлдырайды.
Таңғы азанға оянғандар қатарға тұруда.
Шырақшысы кешiккен тас табыттың түбiнде
құлағы мен құйрығы шұнтитып кесiлген ит
байлаулы тұр,
Ол ит үрмейдi, ұлиды.