ҚАЛА АСПАНЫНДАҒЫ ҚАРАҚШЫ

Ардақ Нұрғазыұлы

 Ақын досым Қанат Омарға

Қала туралы ойласам болды, өзім туралы ойланам

Қалада жүрген соң, ол туралы ойланбай тұра алмаймын

Ол менің ішімде, жан сарайымда, әрбір басқан қадамым

Жүгіргенім мен тоқтағаным, соңыма бұрылып қарағаным

Біреуден озып, біреуге жол бергенім, қалада, ішімде

Одан бірдеңені алып тастап, немесе әлденені қоқыс лақтырғандай лақтырып тастай алмаймын

Танысым да, танымайтыным да, жақыным да, жекжатым да, қызметтесім де осында

Олардан ұзап кете алмаймын

Көше автубостан түскенде біреу басқа біреуге қарап күлсе, ол маған қарап күлгені

Оны мен екі күннен кейін де ойыма алуым мүмкін

Көше шамдары түнгі он бірден кейін сөне бастаса, мен сөне алмаймын

Сол минутта көзімді тас жұмып жатсам да, бәрібір мен сияқты

Қаланың тағы бір жері күндізгідей жарқырап тұрады

Үйлер, қабат-қабат бірінің үстіне бірі тұр

Қабат-қабат ойлар сияқты

Кірер есік біреу болғанымен, әр үйдің өз табалдырығы бар

Менің үйімнің табалдырығы биік

Үйдің бұрын отырған иесі түрмеде көп отырып шыққан болуы керек

Ескі табалдырыққа ағаш шегелеп көтере беріпті

Әр аттаған сайын сол өткен күнді, көшіп кеткен үй иесін, оның түрмеге отырған күндерін есіме аламын

Үйдің бұрынғы иесі қайда жүр екен, соңғы рет

Үйден шыққанда ала кеткен шабаданы өзінде ме

Әлде біреуге беріп жіберді ме екен деп ойлаймын

Оның қолындағы шабадан сол күні менің көзіме шабадан емес, әлдебір құбыжық сарай сияқты көрініп еді

Аузын ашып жіберсе, шықр етіп ашылған қараңғы қапастан

Мыңдаған жарғанат ұшып шығатын сияқты сезілген

Бірақ ол жай шабадан болатын

Бәрін басқаша ойлап тұрған өзім

Әбден қараңғылыққа үйренгенмін, қараңғылыққа үйренгенім соншалық Жарықтан да қараңғылық іздеп тұрамын

Содан да қазір «қараңғы», «жарық» деген сөздерді жек көремін, олар маған аллергия береді, олар менің ішімде жатқан жара сияқты

Қажет болса, оларды балталап-балталап езіп, таптап

Қала берді дона пешке салып болаттай ерітіп тастауға да бармын

Бірақ қайдан, соларсыз тағы өмір сүре алмаймын

Олардың енді бір аты өтірік

Өтіріктер ғана өмірді жеңілдетеді, шын ба, сіз де солай ойлайсыз ба

Көбелектің өзі шын болғанымен, қанатындағы көзі өтірік

(Тапқан теңеуімді қарамайсың ба) 

Өтірік деген отырып-отырып ойға келгенді айта салу емес

Өтірік деген адам жаратқан ақыл-ойдың ұшар биігі

(Ұшар биікте тұрған адам өзін жеңіл сезінеді, жиі тұмауға шалынады)

Биікте тұрғандар дүниені басқаша көріп тұрмыз деп сезінеді 

Айталық, биікте тұрған биліктегілер бізді алдайды

Түк білмегенсіп жүргенімізбен, төменде тұрып біз де оларды алдаймыз

Өзара алдасып жүрген себебіміз

Кешегі күн қайтып келмесе екен дейміз

Міне, бар болғаны осы

Басымдағы қалпағым қанша үлкен болса да

Жаратушы берген ақыл-ойдан асып кете алмайды

Бұл ойымды көбінде өзімнен де жасырамын

Жасыратын себебім – балалық шағымның бұлтсыз аспанының көгінде қалған бір елес

Неге адамдар сәбилік шақтан ақыл тоқтатып адам бола бастаған шақта ашқарақтық пен арамзалыққа қадам басады?

(«Арамзалық арға түскен дақ» деп әкем қызып алғанда жиі айтушы еді)

Неге тоқтамайды, өзін сабырға шақырмайды?

Мен емес, басқа біреу сөйлеп тұрған сияқты сезілген жоқ па?!

Жол бойындағы аялдамада кофе ішіп тұрып осыларды ойлағанда құсқым келіп кетті

Өзімді философ көріп кеткен түрім бар

Философия адамдар үшін жазылған

Сократ, Фльатон заманынан бүгінге дейін адамзат бір ізден жаңылмаса 

Ол өз ақылына күмәнмен қарай алу

Ал нәпсіңді тия алмасаң, онда хайуаннан қай жерің артық?

Хайуанатбағы сияқты ортада өмір сүріп жүріп, өзіңді хайуан сезінбеудің өзі бір тозақ

(Байқасам,  біртіндеп дінге кетіп барамын

Ол болмайды, енді айта берсем, асыра діншілдер шоқпар ала жүгіруі немесе «жарып жіберем!» деп сүрей салуы мүмкін 

Кейде, адам осылай алжаса бастайды

Басымның былыққа толғанын осыдан-ақ сезгейсің)

Былық емей немене...

«Тәурат», «Інжіл», тағы қайсысы бар еді, иә, «Құран»

Материялистер, ақшадан басқа Құдай жоқ! 

Немесе – Жиһад!

Бізде осы екі нүктенің арасынан өзге өмір қалды ма өзі қазір?!

Тап-таза Ницшенің қиял әлемінен қиып алған сурет сияқты 

Көшеде арба сүйреп келе жатқан сорлы – менің қайғы-қасірет шеккен туысым, демеп пе еді ол

Көрші бөлмедегі пенсионер кемпір түнімен ақылап-үкілеп шықты

Пенсионерлер мен оралмандарды үкімет үй беру тізімінен шығарып тастапты

Жақсы болған, қайтқан құсты көрмегелі қай заман

Қайтқан құс деген не өзі, уақыт па, оқиға ма, теңеу ме?

Баяғы жоқтан бар жасау

Қираған Кеңес үкіметінің қиратып алған дүниесі сияқты 

Кеңес үкіметі жақсы еді,  «Хаил  Гитлер!» деген сияқты «Партия жасасын!» деп жүре беретінбіз

Қазір де жаман емес, «не істесең соны істе, ақша жаса!» деп жүре береміз

Кеше көшеде біреу мешiтке барайық деді

Одан ары Сирияға, айлығың 800 доллар, дейді

Ойланбастан бас тарттым

Мен Украинаға қарсы соғысуға бармын, орыс әлемін қорғауға дайынмын, дегенге тәс қалдым

«Ресей кең болғанымен, шегінерге жер жоқ, артымызда Москуа!»

Қандай керемет сөз

Кеңес үкіметі құлаған соң оны айту сондай аянышты, әрине

Орыстар менің жүрегімнің айдынында жүзіп жүрген осы сеңнің сықырын сезіне алар ма екен? Әй, сезіне алмайды 

Әйелім сезінеді, «жүрегің сол жағыңда емес, оң жағыңда» дейтін сол 

Жүрегі жоқ адам бола ма екен 

«Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген...» деп жазған кім еді?

Мүмкін соның жүрегі жоқ, немесе оның басы шатасқан шығар

Неге соншалық кеңірдегін кере шыңғырды екен

Адам бір-ақ рет жаралады ғой, тағы бір-ақ рет өледі

Жаз! деген соң жаза берген ғой сорлы

Қажет болса, қазір де жазады

«Мен... Менің...» деп

Неге қарғаны қарға деп өз атымен атамайды екен

Айталық, қарға жақсы құс, мың жасайды дей ме

(Сталинды білмеймін, әйтеу Лениннен ұзақ жасайтыны шындық)

Барлық жамандықпен арбайды, қансорғыш пен мыстан кемпірдің қасынан табылады дей ме, былшыл!

Иә, ол дұрыс айтады, неге осы артық айтуға үйірміз, асырып жібермей тұра алмаймыз

Бүркіт туралы айтуды ойласақ, аузымыздан самұрық шығады

Онсыз әлдебір жеріміздің қышуы қанбайды

Қарға да сол, өзі қара болған соң оған батпитып тұрып қара бояу жаға береміз

Аспанымызда қара дақ бар, қарға қарға емес, сол дақ қарға

Содан да қарғаның еш кінәсі жоқ

Айтпақшы, көсемді мақтасақ, кеше күнге теңейтінбіз, бүгін теңеуге сөз таба алмай жүрміз, неге?

Әр нәрсені өз атымен атамаймыз 

Әр нәрсені өз атымен атай алмаған соң

Кешегіні дұрыстап түсіндіре алмаймыз, бүгінді, тіпті, түсіне алмаймыз

Бірақ, Абай атам айтқандай, «түсіндірдік!» деп далбақтап шаба береміз  

Аулада балалардың әлпенше тепкеніне қарап тұрған едім

Кенет, тіпті кенет емес, қапалақтап қар жауа бастады (аналар сияқты жазып кете жаздағанымды қарамайсың ба)

Кәдімгі қар! Шексіз аспанның бір жерінде бу су болды

Су тамшысы суықтан қарға айналып, міне енді төбемнен қапалақтап төгіліп тұр

Осы сәтте бар ғой, анадайдағы қарағаштың басына қап-қара болып бір топ қарғалар келіп қонды