РАС ПА, ӘЖЕ

Ардақ НҰРҒАЗЫ

Наурыз туа қардың көбесі сөгіліп, ойдан-қырдан жылға қуып су аққанда, қыстың қатқыл суығына ұқсамайтын өзгеше бір салқын соғатын әдеті. Білетін жұрт мұны көктемнің самалы, дейді. Самал соққан тұста әжем өзі қырық жылдан бері тұрып келе жатқан пәтерінің қыс бойы мықтап жабулы тұрған есігін ашатын. Шуақты күнге бурылданған басын көтеріп қарап алып, айналаға көз тастап біраз тұратын да, үйден көрпе-жастықтарды шығарып самалдықтың ернеуіне жай бастайтын. Әжемнің қолында оқитын мен ұсақ-түйегін шығарысатынмын. Сонда есімде қалғаны әжемнің құс асырайтын торы. Әжем маған "алып шық" дейтін. Мен кітап үйде тұрған торды алып шығатынмын әжем оны самалдыққа іліп қоятын. Қазірге дейін таңым бар. Әжемнің самалдыққа неге аузы ашық бос торды іліп қоятынын сұрап көрмеппін. Әйтеуір, бұлбұл бағуға болатын торда құс жемін салатын тәлерке, су құятын тостаған, құс қонақтар тұғыр дегендердің бәрі түгел еді. Тек құс қана жоқ болатын. Самалдық ондай үлкен болмағанымен, отырып күншуақтауға болатындай еді. Оңаша қалғанда әжем онда жиде ағашынан жасалған орындығына шалқалап отырып кітап оқитын. Маған да оқып беретін. Мен самалдыққа асылып жолдан ары өткен, бері өткендерге қарап тұратынмын. Бос тор сонда төбемізде асулы тұратын. Атам ертеректе қайтыс болыпты. Маған ол кісіден әжеме бөлме толы кітап пен осы тор қалғандай сезілетін. Қыста әжем торды сүртіп-тазалап кітап бөлмесіне апарып қоятын. 

Одан бері де, міне, жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Біз де үйлі-баранды болдық. Тіпті балаларымның алды отау құрып кетті. Соңғылары шет елдерде оқуда жүр. Әжемнің қайтыс болғанына да шерік ғасырдай уақыт өткен. Ара-тұра әжемді ойласам болды, неге екенін өзім де білмеймін, ойыма бірден самалдықтағы көрініс келеді. Баяғы тор сол орнында, сол күйінде ілулі тұрғандай сезінемін. Әжем тұрған үйде әлдеқашан басқалар тұрып жатқанын білсем де, сондай бір ой кетпейді.

Ұзақ жылдар бойы достығымыз үзілмеген бір досыммен кафеде жолығып әңгіме дүкен құрып отырғанмын. Екеуміз студент шақтан сабақтас едік. Қатар үйленгенбіз. Отбасымыз да араласып тұрады. Соған қарамастан екеуміз анда-санда "туыстай болып кеткен" әйелдерімізден "қашып", кафеде кездесіп қаламыз. Кешегідей жұмыстағы жетістігімізді емес, ертеңгі шығар биігіміз, үзеңгілестер туралы алып-қашпа әңгімелерді де емес, тіпті әлдеқашан өз істерімен өздері болып, бізбен аз сөйлесетін балаларды да емес, өзіміз туралы, бір кезде ұмытқан өзіміз туралы айтатынбыз. Қарсымда отырған құрдасымның сөзінен есіме кенеттен әлдене түсіп, ойыма балалық шағым орала кетті. Сөз арасында мен торда құс бағу туралы айтып қалдым. Құрдасым сөзімде іліп ала жөнелді. Оның айтысынша, қолда құс ұстау шығыс елдерінде ұзақтан келе жатқан дәстүр екен. Ол жөнінде түрлі деректер, қызықты әңгімелер бар көрінеді. Құрдасым құс бағу жалпыласқан сол елдерде болған бір әңгіме айтты. Құрдасымның айтуынша, екі дос бәстесіп қалады. Біреуі екіншісіне "егер, үйіңе біраз күн бос торды іліп қойсаң, соңынан құс бағатын боласың", –  дейді. Екіншісі, бұған сенбейді де, қызықтап, сынап көрмек болып, үйіне бос тор әкеліп іліп қояды. Торды көрген көршісі "құс бағасың ба?" – деп сұрайды. Әлгі адам оған ондай ойы жоқ екенін айтады. Екінші көршісі "торың бос тұр ғой, құсың өліп қалған ба?" – дейді. Әлгі адам оған да жоғарыдағыдай жауап береді. Уақыт өте келе бос тұрған торды көргендер "неге құс бақпайсың?" – дей бастайды. Әлгі адам оларға жалықпастан құс бағу ойының жоғын айта бастайды. Тағы да бір мезгіл өткенде бос тұрған торды көрген жұрт әлгі адамға құс бағып алу туралы ақыл айтады. Әлгі адам бұған да бас шайқайды. Сөйтіп жүргенде әлгі адамның үйіне бір досы бір жұп бұлбұл көтеріп келеді. "Мынаны саған әкелдім, торың бос тұрмасын, бақ", – дейді. Әлгі адам ойланып көріп, көп уақыт бойы торды бос іліп қойдым, жұрт та мені құс бағады деп ойлайды. Ендеше, неге бақпаймын, бағайын" деген ойға келеді. Сонымен досым "әлгі адам ақыры бәстен жеңіліп, құс бағып кетіпті" дейді. 

Үйге қайтып оралған соң да досымның "ол құс бағып кетіпті" деген сөзі құлағымның түбінен кетпей қойды. Түнде түс көрдім. Түсімде әжем самалдықта кітап оқып отыр екен деймін. Мен оның қасында тұрмын. Бірақ, аузы ашық құстың торы орнында жоқ екен. Таңертеңгі шай үстінде әйелім "Түнде ұйқысырадың-ау деймін. Әлденелерді айтып, күбірледің. Не айтқаныңды толық ести алмадым. "Рас па, әже" дегендей болдың", – деді. Көңілімде күдік тұрса да, әжемнің бос торы әлі де сол орнында ілулі тұрғандай сезіле берді. Шайдан соң көлікке отырып, бірден әжем тұрған ескі үйге тарттым. Таныс көшеге ілініп, баяулап барып жол шетіне тоқтап, машина ішінен таныс самалдыққа көз жібердім. Ойлағанымдай бәрі орнында, тек ілінген тор орнында жоқ екен.