Қазақстандағы орыс тілі – сауалдар мен жауаптар

Ирина Гумыркина

Қазақстанда Конституция бойынша орыс тілі мемлекеттің екінші ресми тілі және ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Ал қазақстандық әдебиетте бұл тіл басымдылыққа ие. Бұл басымдылықтың бірнеше себебі бар деп ойлаймын.

Біріншіден, біз посткеңестік көпұлтты елміз, сондықтан орыс тілі бұрынғыдай мәдениетаралық коммуникация құралы болып қала береді.

Екіншіден, қазіргі қазақ тілді авторлар үшін білім беру, әрі шығармаларын жариялауға арналған платформалар да жоқ, сондықтан қазақ тілі отандық әдебиетке ауқымды үлес қосып жатыр деп айта алмаймын.

Алматылық ашық әдебиет мектебі орыс тілінде білім береді, елімізде шығатын екі әдеби журнал – «Простор» мен «Дактиль»  – тек орыс тілінде жазылған шығармаларды жариялайды.   Әрине, бұл тілдік тұрғыдан кемсітушілік емес, бұл ұйымдардың қазақ тілінен сапалы көркем аударма жасау мұмкіндігінің жоқтығы. Ал сапасы төмен аударма кімге керек дейсіз.

Кітап дүкендерінде қазіргі қазақ тілді авторлардың кітаптары жоқтың қасы.  Тіпті әлемдік классикалық әдебиет пен заманауи әдебиетті бәріміз әлі күнге дейін тек орыс тілінде оқимыз.

Отандық әдебиетте орыс тілінің мерейі үстем болуының тағы бір себебі мынада: орыс тілді авторлардың посткеңестік кеңістікке шығу, қалың әдеби журналдарда шығармаларын жариялау (қалай болса да, бұл кеңестік дәстүр автордың шығармашылық өмірбаяны мен өз-өзіне деген сенімділігі үшін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ), шетелдік әдеби байқаулар мен сыйлықтарға қатысу, осы сыйлықтардың жеңімпазы атану секілді мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мәселен, 2017 жылы Михаил Земсков Алматылық ашық әдебиет мектебін басқарғаны үшін «Ресей Федерациясынан тыс орыс мәдениетінің дәстүрлерін сақтағаны және дамытуға үлес қосқаны үшін» арнайы сыйлығын алды. 2019 жылы бір орыс тілді қазақстандық ақын дүниежүзілік  «Эмигрантская лира» атты поэзия фестивалінің «Неоставленная страна» байқауының күміс жүлдегері атанды. Сірә, Қазақстан әдебиеті үшін орыс тілінің артықшылығы мынада: ол тар шеңберден, бір елдің ақпараттық кеңістігінен шыға отырып, еліміз бен мәдениетімізді басқа әлемге таныстыруға өз үлесін қосып жатқандығында.

Күрделі мәселелер туралы айтар болсақ, олар белгілі бір тілден гөрі жалпы қазақстандық әдебиетке қатысты болып тұр. Болашақта Қазақстанда орыс тілінің қажеттілігі туралы мәселенің көтерілуі екіталай, себебі посткеңестік кеңістікте бұл мемлекетаралық өзара әрекеттестіктің тілі. Алайда орыс тілінің қазақстандық әдебиетте үстемдігі сақтала ма, немесе ол қазақ тілімен қатар қолданыста жүре ме – бұл басқа мәселе. Қазіргі кезде қазақстандық әдебиеттің алдында тұрған кедергілерді жою үшін әлі талай уақыт қажет, күндердің бір күнінде тіл үстемдігі, қауымдастыққа, топқа, бірлестікке бөліну секілді мәселелер өз өзектілігін жоғалтады.