Екі әдебиет пе, әлде жалғыз? Автордың әдеби кеңістікте өз орнын табу жолдары
Ирина Гумыркина
Қазақстандық әдебиеттің бір күрделі мәселесі – ауызбірліктің жоқтығы. Қазақ тілді және орыс тілді әдебиет бір-бірінен мүлде бөлек әлемде өмір сүреді. Осыдан келіп туындайтын тағы бір мәселе – әдеби аударманың болмауы. Орыс тілді авторлар мен оқырмандарда қазақша жазатын замандастарының туындыларымен танысуға мүмкіндік жоқ. Классикалық шығармалар кеңестік кезеңде көп аударылғанымен, қазіргі әдебиетте бұл іс тоқтап тұр. Барлығы ақын-жазушылардың өз ынта-жігеріне тіреледі, әдетте олар аудармамен белгілі бір оқыту семинарларының аясында не болмаса тек өздері үшін айналысады. Отандастардың туындыларын қазақ не орыс тіліне аудару туралы ауқымды міндет жолға қойылмаған.
Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін кейбір авторлар өз кітаптарын екі тілде шығара бастады. Мәселен, былтыр қазақстандық жазушылар Елена Клепикова мен Ксения Рогожникованың «Карантиндік кішкентайлар» атты қос тілді кітап жарық көрді. Алайда бұл өте үлкен қажырлы еңбек пен шығынды қажет ететін жұмыс. Мұндай бастамалар балалар әдебиеті үшін аудитория қамту мен кітап тарату тұрғысынан тиімді болса да, ақындар үшін онша тиімді болмайтыны анық.
Дегенмен, кейбір қазақстандық орыс тілді ақындар қазақ тілін қолданудың өз жолын тапты: олар қостілділікті өзіндік қазақстандық ерекшелік ретінді пайдаланып жүр. Қостілділіктің өзі жаңа құбылыс емес, бірақ қазақ сөздері мен тіркестерінің орыс мәтінінде қолданылуы екі тіл мәдениетінің өзара әрекеттесуінің бір дәлелі болып табылады. Жоғарыда айтылған қазақстандық әдебиетте ауызбірліктің жоқтығын ескере отырып, қазақ тілді авторлар да бұл тәсілді қолдана ма екен деген сұраққа жауап табу қиын.
Тағы бір мәселе – қазақ тілді және орыс тілді авторларды бір-бірімен таныстыратын ортақ әдеби платформалардың жоқтығы. Қазақстанда шығатын «Простор» әдеби журналы тек орысша жазатын қаламгерлердің шығармаларын жариялайды. Ал «Дактиль» әдеби журналының қазақ тілді авторлардың туындыларын жариялауға ниеті болса да, көркем аудармамен айналысатын мамандардың жоқтығы әрі қаржылай қолдаудың болмауы себебінен бұны жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ.
Жалпы қазақстандық әдеби үрдістің тек Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент секілді ірі қалалардың шеңберінде ғана шектелгені, әрі олардың түйіспейтіндей өзіндік ерекше болғаны, бір-бірімен тоғыспай, оқшауланып тұрғаны әдебиетіміздегі ауызбірлік туралы айтуға әлі ерте деген қортындыға әкеледі. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын ақын-жазушылардың басын қосу әзірше мүмкін емес. Бұндай идея іске асса, ол қазақстандық әдебиетке үлкен артықшылық берер еді, екі тіл мәдениетінің өзара байланысын нығайтуға, оларды бір бағытта, бір деңгейде дамытуға септігін тигізер еді.