#Мен#Біз#Борат емес/пін/піз [1]

Нурайна Сатпаева

Мен Қазақстан құрамасына қолдау көрсетпек ниетпен, еліміздің туын көтеріп, метромен Уэмбли стадионына бара жатырмын. Вагонның іші біртіндеп Англия құрамасының футболкаларын киген адамдарға тола бастады. Мені көрген ақ киімділер жымиып, бір ғана сөзді қайталай береді: «Борат». Өз секторыма жеткенше, мен бұл есімді мың рет естіген шығармын. Біздің құрамамыз іріктеу ойынында 1:5 есебімен ұтылып қалды. Әр голдан кейін стадионда жиналған тоқсан мың адам «Соққы!» деп бар дауысымен айқай салатын, артынша жан-жақтан «Борат» деген жиіркенішті сөз естіліп, жүрекке қанжардай қадалатын. 

Сол уақыттан бері он жылдай өтсе де, бірақ менің көкейімде сол кезде айта алмай қалған – «#Мен#Біз#Борат емес/піз» деген ішкі жауабым есіме жиі түседі. Сөйтіп, мен өзіме «Мен#Біз#кім/мін/біз?» деген сұрақ қоя бастадым. 

Кейінірек, Әдебиет мектебінде оқыған кезімде мені басқа сұрақтар мазалай түсті: кейіпкерлерім кімдер, қайда тұрады, қалай күн көреді, қандай оқиғаларға тап болады? Алғашқыда бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен Ғайса; Сіблагта он жыл бойы хат жазысу құқығынсыз отырған Қайыр; лейкемиядан көз жұмған Эльза. Бұл әңгімелер жарияланбай қалды, жаһандық әлемде қазақстандық кейіпкерлерім ешкімге керек еместей көрінді. 

Содан кейін мен кейіпкерлерімнің ұлтын көрсетпейтін болдым: фигурист Юки белгісіз бір елде Олимпиадаға қатысады, ал дизайнер Хаким картада жоқ Чинар қаласының тұрғыны болады. Бұл шығармаларым журналдарда жариялана бастады, бірақ кейіпкерлерім мен айналасындағы әлем маған өздерінің шынайылығын жоғалтқандай көрінді, тіпті тарихтан бір кезең өшіп кеткендей, оның орнын жалған тарих басқандай әсерде болдым. 

Бірде қолыма Халед Хоссейни мен Гузель Яхинаның кітаптары ілікті. Қазіргі әлемде адамдар өздерінің даралықтарын жоғалтып, бір-біріне смайлик жіберіп жатқанда, бұл жазушылардың әсерлі тілі мен өзгелерге ұқсамайтын кейіпкерлері оқырман үшін үлкен жаңалық. Кейіпкерлердің жарқын бейнелері, оқиғалардың нақтылығы мен сезімге толы баяндау стилі мені баурап алып, басқа бір әлемге жетектеп алып кеткендей сезімде болдым. 

Сөйтіп, менің айналамдағы адамдар жайлы, елімізде болып жатқан оқиғалар туралы, көкейіме ой салатын нәрселер жайлы жазғым келді. Менің автор ретінде айтпақ ойым –  Бораттың да, Лондонда үй сатып алуды әдет қылған қазақстандық олигархтардың да, ұлттық киімді ою-өрнекпен әлем-жәлем безендіріп, мейрамдар кезінде көпшілік алдында билейтін адамдардың да елімізге қатысы шамалы. Мен үшін Қазақстан – бұл әр баланың өмірі үшін күрескен патология бөлімінің дәрігері Пери, Абай ауылында жарақат алған ұл баланы қорғауға барын салған кішіпейіл журналист Стелла,  браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Ералы, Үстірттің төбешіктерінде жоғалып кеткен Қара қарақал және тағы басқалар. 

Әңгімелерімді бірнеше адам ғана оқыса да, еліміздің бүгінгі өмірінің шынайы бейнесін көре алса, міне, сол мен үшін құнды болмақ.  


Орыс тілінен аударған Дина Махметова, Мерей Қосын.

[1] Борат – «Борат» комедиялық көркем фильмінің кейіпкері (Ұлыбритания), қазақстандық журналист.