Шекарадағы өмір…

Нурайна Сатпаева

Мен Атырау қаласында дүниеге келдім. Бұл қалада көпірге шығып, бір-ақ қадам бассаң, Азиядан Еуропаға жетесің. Қеңес Одағында өмір сұрып, желтоқсанның бір күні Қазақстан Республикасында ояндым. Сағаттың секундтік тілі бір рет жылжып, мен жиырмасыншы ғасырдың адамынан Х буынының өкіліне айналдым. Ал індет басталғанда «офлайн» мен «онлайн» арасында таңдау жасауыма тура келді. 

Континенттер, дәуірлер, мәдениеттер мен ұғымдар арасындағы шекаралық кеңістікте өмір сүргендіктен, кейде өзімді қоғамның қай тобына жатқызарымды білмей абыржимын:

– Ұлтым қазақ болғанымен, орысша ойлап, орысша жазамын;

– Программист – кәсіби мамандығым, ал проза мен драматургияны жүрек қалауыммен таңдадым;

– Қазақы тәрбие алған әйелмін, бірақ еуропа білімінен сусындадым. 

Қазақ фильмдерін көріп отырсам, маған олардың сюжеттері шетелдік кино туындыларынан көшіріліп алынғандай көрінеді. Тіпті алғашқы кадрларындағы қураған шөптің сыбдыры мен желдің гуіліне толы күй дыбыстары маған жат көрінеді. Қазіргі қазақстандық авторлардың шығармаларын оқысам, кейде кейіпкердің ұлты кім, қай елде тұратынын түсінбеймін.  Кейіпкерлердің есімдері кез келген елдің азаматтарына қойсаң келе береді, олардың өміріндегі оқиғалар әлемнің кез келген түкпірінде орын ала алады. Кейіпкердің есімі мен оқиға орнын өзгертсең, туындының өзіндік ерекшелігі бірден жоғалады. 

Ауғанстаннан балалық шағында көшіп кеткен американдық жазушы Халед Хоссейнидің өзінің ұлттық бірегейлігін сақтап, шығармаларында ұлттық нақышты бере алғаны расында таңғалдырады. Неліктен Қазақстанда тұратын авторлардың кейіпкерлері отандастарының көңілінен шықпайды, шығармаларында бейнеленген қазақ даласы Эрнест Сетон-Томпсонның прерияларына ұқсайды?  

Өз әңгімелерім мен пьесаларымды орыс тілінде жазып, мен оларды еліміздің халқының алпыс пайызынан астамын құрайтын қазақ тілді оқырмандарға таныта алмаймын. Ана тілімде жазбаймын, ал қазіргі қазақстандық авторлардың шығармалары орысшадан қазақ тіліне сирек аударылады, сондықтан да мен қазақ авторларының қатарынан орын ала алмаймын. Алайда өзімді орыс авторларының қатарына жатқызбаймын. Орыс жазушысы болу үшін сен Ресейде дүниеге келіп, Лев Толстойдың Ясная Полянада күн кешкеніндей өмір сүріп, орыс болмысына тән барлық нәрселерді: жасыл желек жамылған жайылмаларды,  бір тал шөпке тізілген бүлдіргенді, өзенге майысып асылып тұрған сықырлауық ағаш көпірді – бойыңа сіңіруің керек.

Меніңше, қазіргі таңда қазақстандық автор болу жазушыға біраз кедергілер тудырады: шығармаларыңды оқитын аудиторияның шектеулі болуы, тақырып жағынан да осындай шектеулердің бар болуы (туындыларың шетел оқырманына түсініксіз бола ма деп қорқасың, ұлтың қазақ болған соң ұятмендердің сынына ілікпеу үшін сөздерді абайлап, сақтықпен қолданасың).

Өмір мен шығармашылықтың тепе-теңдігін қалай табуға болады? Қазақстанда болып жатқан оқиғалар мен отандастарыңның өмірі туралы жазатын болсаң, басқа жерде кездеспейтін, тек біздің мәдениетімізге тән нәрселерді қалай сақтауыңа болады? «Мен кіммін – қазақстандық, қазақ не орыс жазушысымын?» деген сұраққа қалай жауап табуыңа болады? 

Өзім үшін мынадай шешім қабылдадым: мен қазақстандық автормын. Енді оқырман өз таңдауын жасауы керек.