Джейн Эйр
Нұрай Бектай
(Бұл Джейн Эйр кітабының қазақ тіліне сценарий ретінде аудармасы. Көрініс ретінде қойылатын болғандықтан, кітапта берілген оқиғалар қысқартылған және кейбір кейіпкерлер көріністе кездеспейді.)
Кейіпкерлер:
Джейн Эйр: бойы аласа, келбеті эльфке ұқсайтын, жасыл көзді қыз.
Эдвард Рочестер: бойы орташа және ірі денелі.
Рид ханым: жасы қырықтар шамасындағы Джейннің анасының інісінің әйелі.
Элиза Рид: Рид ханымның үлкен қызы.
Джорджиана Рид: Рид ханымның екінші қызы.
Джон Рид: Рид ханымның ұлы. Жасы он төрттегі, бет терісі безеулі ірі бала.
[Джейннің, Джонның, Элизаның, Джорджиананың он үш/он төрт жасар кезі.]
Бесси ханым: Рид ханымның қызметшісі.
Рид ханымның екінші қызметшісі.
Риверс мырза: Рид ханымның қызметшісі.
Брокльхерст мырза: Ловудтың басқарушысы. Өте қатал, әділетсіз адам.
Темпл ханым: Ловудтың директоры.
Мисс Скечерд: тәрбиеші.
Элен Бернс: Джейннің Ловудтегі досы. Көлемді бұйра, қызыл шашты қыз бала.
Адель Варанс: жасы он үш-он төрт шамасындағы Рочестер мырзаның қызы.
Фэйрфакс ханым: жасы елу шамасындағы Рочестер мырзаның қызметшісі.
Тағы бір қызметші.
6-7 ақсүйек ер және әйел адамдар рөлі. (Оның ішінде Миссис Ингрем, Мисс Ингрем, Мисс Линн, Мисс Эштон және ер кісілер)
Берта ханым: Рочестер мырзаның әйелі.
Дінбасы: Рочестер мырза мен Джейннің некесін қиюшы.
Мэйсон: Рочестер мырза мен Джейннің некесіне қарсы шығатын адам.
Сент Джон Риверс: Джейннің ағасы.
Мэри: Джейннің әпкесі.
Диана: Джейннің әпкесі.
Ловудтағы оқушы қыздар.
Автор.
Акт 1
Қонақ бөлме. Рид ханым ошақтың жанындағы орындықта отырады. Жанында Элиза, Джон және Джорджана отырады. Джейн есіктен сығалап бір қарайды да, бұл ортада отырғысы келмейтінін түсінеді. Алайда, бөлмеге кіреді.
Рид ханым: Дауысын көтеріп, менсінбеген үнмен. Сен мұнда кірме. Басқа бөлмеге барып, дыбысыңды шығармай отыр.
Джейн: Неге? Мен не істедім?
Үш бала ызалы түрмен Джейнді мазақ қылып отырады.
Рид ханым: Сенің мұнда отыруға хақың жоқ. Тәрбиелі, ақылды, әдепті қыз болуға тырыспағаныңша, мынандай асыл балалардың жанында отыруға хақың жоқ. Көзіме көрінбе!
Джейн жүгіріп сыртқа шығып кетеді.
Акт 2
Кіші асхана. Мұнда кітап сөресі бар. Джейн сөреден кітапты алып, терезенің алдына жайғасып, оқуға кіріседі. Терезе пердемен жабық тұрғандықтан, Джейн көрінбейді. Экраннан Джейн оқып отырған кітаптан суретер көрінеді. Аздан соң бөлмеге Джон кіріп келеді.
Джон: Эй, сен!
Джон бөлмені аралап, Джейнді іздей бастайды.
Джон: Лиззи! Джорджи! Ана қыз мұнда жоқ. Апама айтыңдаршы! Ол қашып кетті!
Элиза бөлмеге жүгіріп кіреді.
Элиза: Ақымақ, Джон! Терезенің алдында отыр. Әне, анда!
Элиза барып пердені ашып қалады.
Джейн: Саған не керек?
Джон: Дауысын өзгертіп сөйлейді. «Не қалайсыз, Рид мырза?» деп айт. Сосын қолымен көрсетіп, былай дейді. Тез менің жаныма кел.
Джейн оның жанына келеді. Джон болса, оны итеріп, ұрып жібереді. Джейн жерге құлайды. Үстін қағып, дереу орнынан тұрады.
Джон: Мынау менің апама қарсы сөйлегенің үшін! Перденің артына тығылып отырғаның үшін! Және... Және маған осылай қарағаның үшін, тышқан немене! Перденің артында отырып алып не істедің?
Джейн: Кітап оқыдым.
Джон: Көрсет кітапты!
Джейн терезенің алдынан кітапты алып келеді.
Джон: Сенің кітапты оқуға хақың жоқ. Сенің әкең саған ешнәрсе қалдырмаған. Біздің аяғымызға жығылудың орнына істеп жүргенің не сенің! Сен джентльменнің балаларымен тұрасың, бар керегіңе апам ақша төлейді. Мен мұнда қожайын! Ұқтың ба?!
Джон кітапты алып, Джейнға лақтырады. Джейн айқайлайды, алайда қашып үлгермейді.
Джейн: Ақымақ, тұрпайы! Сен адам өлтіруші, құлдарға қарайтын жауыз басқарушы сияқтысың!
Джейн Джонды ұрып жібереді. Екеуі төбелесе кетеді. Бөлмеге Бесси мен өзге қызметші келіп, екеуін ажыратады.
Бесси: Ай, ай, ай! Не деген әдепсіз қызсың! Мырзаға жұдырық ала жүгіргенің қалай?
Рид ханым бөлмеге жүгіріп келеді. Джон анасының құшағына қарай жүгіреді.
Рид ханым: Қамаңдар мынаны!
Бесси мен өзге қызметші жұлқынған Джейнді бөлмеден алып кетеді.
Акт 3
Қонақ бөлме. Рид ханым орындықта кітап оқып отырады. Джон бөлмеде ойыншықтармен ойнап, жүгіріп жүреді.Элиза мен Джорджиана қуыршақтармен ойнап отырады.
Бесси: Сізге Брокльхерст мырза келді, мэм.
Рид ханым: Джон Рид ханымды итеріп, жанынан өтеді. Джон! Бөлмеге Броккльхерст мырза кіреді. Рид ханым дауысын қайта сыпайы үнге келтіріп. Қош келдіңіз, Брокльхерст мырза!
Брокльхерст мырза: Амансыз ба, Рид ханым?
Рид ханым: Бұл менің балаларым: Элиза, Джон және Джорджиана.
Үшеуі қатарға тізіліп, иіліп сәлем береді. Қайта ойындарына кіріседі.
Брокльхерст мырза: Керемет балалар!
Рид ханым: Мұнда жүріңіз! Екеуі келіп, орындыққа жайғасады. Бесси бізге шай алып кел. Джон, қымбаттым, әлгі тәрбиесізді бөлмеге ертіп келші.
Джон: Иә, апа!
Рид ханым: Өтірік жылайды. Маған бұл шешімді қабылдау оңайға соққан жоқ, мырза. Ол қыздың анасы менің күйеуімнің әпкесі болған. Ол әйел кедей бақташыға тұрмысқа шығып, кейін мына қыздың бірнеше айлық кезінде екеуі де тұмаудан қаза болған.
Брокльхерст мырза: Басқа туыстары жоқ па?
Рид ханым: Көкесі бар. Әкесінің ағасы. Бірақ ол Мадейраның бір жерінде тұрады. Сәл кідіреді. Мен бұл қыз үшін барлығын жасадым. Өз балаларымнан кем көрмедім. Ас суын, киімін де бердім. Бірақ ол қырсық әрі тәрбиесіз болып өсті. Бөлмеге Джон мен Джейн келеді. Міне, өзі де келді. Аты Джейн. Джейн Эйр. Ал бұл Ловуд мектебінен Брокльхерст мырза.
Джейн: Иіліп. Сәлеметсізбе, сэр?
Брокльхерст мырза: Джейн. Кел, сөйлесейік. Маған сені тәрбиесі нашар қыз деп айтты. Сен күнәһарлардың қайда баратынын білесің бе?
Джейн: Иә, тозаққа.
Брокльхерст мырза: Иә, дұрыс. Ал онда бармас үшін не істеу керек?
Джейн: Денсаулығың мықты болу керек және өлмеуің керек.
Рид ханым: Міне, көрдіңіз бе? Одан да мектептегі барлық мұғалімдерге және оқушыларға бұл қыздың қандай екенін айтыңыз. Ол барлығын жасанды істейді. Өтірік мүләйімси береді. Екіжүзді. Сенбеңіз!
Брокльхерст мырза: Уайымдамаңыз, мэм. Біз Ловудта мұндайға жол бермейміз.
Рид ханым: Иә, осы үшін де сізді шақырдым. Сол мектепке барсын. Тіпті демалыста да үйге жібермеңіз.
Брокльхерст мырза: Әрине. Екіжүзділік жаман қасиет.
Джейн: Мен өтірікші де, екіжүзді де емеспін!
Рид ханым: Не?!
Джейн: Мен өтірікші емеспін! Ешқашан өтірік айтпаймын! Егер өтірікші болғанымда сізді жақсы көремін деп айтушы едім. Ал мен сізді бәрінен де жек көремін!
Джон Джейннің қолынан ұстап, бөлмеден алып кетеді.
Рид ханым: Заттарыңды жина, Джейн! Сен мектепке кетесің! Көрдіңіз бе, қандай қыз екенін?!
Брокльхерст мырза: Уайымдамаңыз, мэм. Біз Ловудта оны сабасына түсіреміз.
Акт 4
Ловуд қайырымдылық мектебі. Ортада үстел тұр. Үстелдің үстінде Джейн тік тұрып тұр. Ал жан жағында мұғалімдер мен оқушы қыздар тізіліп тұрады. Брокльхерст мырза қызды айнала жүріп жүреді.
Брокльхерст мырза: Мына қыздың есімі Джейн Эйр! Бұл қыздан абай болыңдар! Ешқайсыларың онымен тілдеспеңдер! Жанына да жоламаңдар! Түріне жақсылап қарап алыңдар! Бұл қыз өтірікші. Суайт. Екіжүзді. Ол мына үстелде кешке дейін кешкі ассыз тұрып тұрады. Бірде біріңнің жанына жолағандарыңды көрмейтін болайын!
Барлығы тарайды. Тек соңында бір қыз әдейі қалып қояды да, қалтасынан тамақ оралған орамалды алады. Джейннің жанына келеді.
Қыз: Мына ірімшік пен бөлке нанды ал!
Джейн: Рахмет! Сенің есімің кім?
Қыз: Жүгіріп бара жатып. Элен! Элен Бернс! Сабақта жолыққанша!
Акт 5
Қыздар бірдей киімде ортаға жүгіріп шығады. “Тездетіңдер! Жылдам тұрыңдар!” деген дауыстармен қыздар жан-жаққа шұбырып айқайлап, ортаға бір қатарға тұра қалады. Ортаға тәрбиеші келеді. Мисс Скечерд. Ол әр қызға бастан аяқ қарап тоқталады.
Тәрбиеші: Джонс, бетіңді дұрыстап жу.
Джонс: Су мұз болып қатып қалған, мэм!
Тәрбиеші: Ол саған сылтау емес! Ең бастысы – тазалық! Маған осылай қарсы сөйлегенің үшін бүгін барлығыңа таңғы ас жоқ! Андерс, бойыңды тікте. Бернс, иегіңді көтер! Қолыңды алдыға ұста! Андре, не деген салақ қызсың?!
Акт 6
Джейн мольбертке сурет салып отырады. Басқа қыздар тігін тігіп, тоқыма тоқып, кітап оқып, ән айтып және тағы басқа әртүрлі жұмыстармен айналысып жүреді. Жанына Элен келеді.
Элен: Керемет салып жатсың!
Джейн: Сен де айтасың ау! Мүлдем олай емес.
Элен: Жоқ, дәл солай! Сенің талантың бар!
Джейн: Элен, сенің портретіңді салсам қалай қарайсың?
Элен: Менің бе?
Джейн: Иә, иә, сенің! Кел, мұнда отыр! Басыңдағыны шешші. Сенің шашыңның түсі өте әдемі. Неге оны жасырып жүресің?
Элен: Ол бұйра, бұйра болғандықтан дұрыс таралмайды. Ал мисс Скечерд сол үшін ұрысады.
Брокльхерст мырза: Мынау қайсысың?!
Элен: Элен Бернс, сэр.
Брокльхерст мырза: Не деген ұқыпсыз шаш. Мына ұзын шаштармен жүруге болмайды. Қазір мен саған көрсетейін.
Жандарына Скечерд ханым, Темпл ханым келеді. Қыздар аң-таң болып қарап қалады.
Джейн: Барлығы менің кінәм. Жамылғыны шешші деп өтінген мен едім.
Скечерд ханым: Мәселе жамылғыны шешкенде емес. Мына шашты құрт деп мен саған қанша айттым, Элен Бернс?! Бері кел!
Брокльхерст мырза: Темпл ханым, мынау не сұмдық! Сіз мекеменің директоры болып жауапкершілікті алғаннан кейін, мына жағдайға қалай жол беріп жүрсіз?!
Темпл ханым: Шаштың табиғатынан осылай болғаны күнә ма, сэр?!
Брокльхерст мырза: Мен мұнда осы табиғаттың қателіктерің жөндеу үшін жүрмін, Темпл ханым! Мынаның шашын қиып тастаңдар!
Джейн: Жоқ! Сіз олай жасай алмайсыз!
Брокльхерст мырза: Джейн Эйр?
Джейн: Сіз оның жаратылысын өзгертуге хақыңыз жоқ.
Брокльхерст мырза үстелдің үстіндегі қайшыны алады да, шашты қиып тастайды.
Акт 7
Автор: Бір қыста қатты суық болып, оқушы қыздардың көбісі салқыннан ауырып қалды. Оның ішінде Элен Бернс те болды.
Джейн: Темпл ханым, мені Эленнің жағдайы алаңдатады. Оның жөтелі күннен-күнге күшейіп бара жатыр.
Темпл ханым: Иә, Джейн. Өкінішке орай, олардың барлығы қатты жөтеліп жатыр. Эленнің жағдайы тіпті мүшкіл. Саған айтуды жөн көрдім. Ол ұзаққа шыдай алмайды.
Джейн: Дәрігерге хабарласыңызшы, мэм.
Темпл ханым Джейннің қолынан ұстайды.
Темпл ханым: Менің дәрігерге хабарласуға мүмкіндігім жоқ. Бірақ мен міндетті түрде Брокльхерст мырзамен сөйлесетін боламын. Уайымдама.
Темпл ханым шығып кетеді.
Джейн Эленнің жанына барады. Элен төсекте жатады.
Джейн: Элен?
Элен: Оянады. Джейн? Сен бе? Саған он екі болып қалды. Не үшін келдің? Сенің төсекте емес екеніңді біліп қойса, ұрыс естуің мүмкін.
Джейн: Сені көрмеген соң, ұйықтай алмадым.
Элен: Сен аяқ киімсіз келіпсің ғой. Кел, жаныма жат. Өзің сұп-суықсың ғой. Мынаны жамыл.
Джейн: Сен бізді тастап кетесің бе?
Элен: Бір күні біздің барлығымыз кездесетін боламыз.
Джейн: Қашан? Қайда?
Элен: Анда! Аспанды көрсетіп. Көкте! Жаратқанның жанына барғанда.
Джейн: Распа?
Элен: Сен маған сенбеймісің, Джейн? Әрине, кездесеміз.
Джейн: Білмеймін.
Элен: Сенуің керек. Жаратқан үнемі бізді ойлап жүреді. Қайырлы түн, қымбатты Джейн.
Джейн: Қайырлы түн, Элен.
Автор: Сол таңда Элен оянбады. Бірнеше жыл өтті. Мен мектепті аяқтадым. Тігуді, сурет салуды, француз тілін жетік меңгердім. Кейін сол мектепте екі жылдай оқытушы болып жұмыс істедім. Бірақ менің армандары биігірек еді. Менің әлемді білгім, танығым келді.
Акт 8
Джейн сахнада қолында қағаз бен қалам алып, әрі бері жүріп ойланып жүреді.
Джейн: Йоркшир жаңалықтары газетіне жұмыс іздеймін деп хабарландыру берсем, жауап келеді ме екен?!
Автор: Хабарландыруға ұзамай жауап та келді. Торнфильд Холл деген жерден миссис Фэйрфакс он жасар қызға оқытушы іздестіріп жатыр екен.
Бұл уақытта Джейн сахнада киімдерін жинай бастайды.
Акт 9
Әдемі безендірілген қонақ бөлме. Джейн қолындағы сөмкесімен кіріп келеді.
Джейн: Сәлеметсіз бе?! Миссис Фэйрфакс?
Миссис Фэйрфакс: Иә, сіз кім боласыз?
Джейн: Мен хабарландыру бойынша келдім. Джейн Эйр боламын.
Миссис Фэйрфакс: Қош келдіңіз, қымбаттым! Жолдан әбден шаршаған боларсыз. Келіңіз, сізге көмектесейін. Джейннің қолындағы жүкті алуға тырысады.
Джейн: Әуре болмаңыз.
Миссис Фэйрфакс: Еш әурешілігі жоқ. Сөмкені алып шетке қояды. Джейнді ертіп пештің жанындағы орындыққа отырғызады. Қолыңыз тіпті тоңып қалыпты ғой. Пештің жанына отырыңыз. Сізге міндетті түрде ыстық бір зат ішу керек. Міне, шай және сэндвичтер.
Джейн: Егер оқушым ұйықтап жатпаса, оны көргім келген.
Миссис Фэйрфакс: Иә, әрине. Қазір. Қызметшіге қарап. Барып Адельді шақырып кел. Есімі Адель. Оның күн тәртібі де жоқ. Анасы еркелетіп өсірген.
Джейн: Ол сіздің қызыңыз емес пе?
Миссис Фэйрфакс: Жоқ, олай емес. Мен үйдің қожайыны емеспін. Адельдің тегі Варанс. Ал менің туыстарым жоқ. Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Қыста мұнда өзіңді сондай жалғыз сезінесің. Ал сіздің арқаңызды маған сөйлесетін адам табылды. Адель французша оқығандықтан, оның тілін түсіну маған тіпті қиын. Бөлмеге Адель кіреді. Міне, Адель де келді. Адель, бұл кісі сенің жаңа оқытушың болады. Сенің білімді бойжеткен болуың үшін барын салады.
Адель: Сіз менің оқытушымсыз ба?
Джейн орнынан тұрады.
Джейн: Дәл солай. Мені мисс Эйр деп атасаң болады.
Адель: О, қандай керемет. Демек, мен сізбен французша сөйлесе аламын ғой?! Керемет, керемет! Мен сізге өлең айтып берейін бе? Анам үйреткен. Мен тіпті билей де аламын. Көресіз бе?
Миссис Фэйрфакс: Қазір емес, Адель. Таңертең. Ал қазір барып ұйықта. Жатар алдында дұға оқуды ұмытпа!
Акт 10
Джейн мен Адель сабақ оқып, қозғалып жүреді. Музыка ойнап тұрады. Миссис Фэйрфакс келіп кетіп жүреді.
Автор: Миссис Фэйрфакс Торнфильді таныстырады. Оның қожайынының Рочестер мырза екендігін, дегенмен, оның мұнда көп болмайтындығын айтты. Рочертер мырзаның әкесі мен ағасы қаза тауып, бұл сарай оған калған. Ол Адельдің әкесі болғанымен оның қызға қатал қарайтындығын ескертті. Мен Адельмен достасып кеттім. Бұл ескі сарай құпияға толы болып шықты. Кейде жоғарыдағы қабаттан әйел адамның айқайлаған дауыстары естілетін. Бірақ, Миссис Фэйрфакс ешқандай елестер жоқ деп сендірді.
Джейн: Адель, сен арифметикадан әлі қиналасың!
Адель: Ол мүлдем түсініксіз, мэм. Ішім пысып кетеді! Басқа нәрсемен айналыссақ болмайды ма?
Джейн: Мен мұнда саған білім беру үшін келдім.
Адель: Ал маған анам бастысы би билеп, ән айта алу деген. Оны үйрену де қызықты болатын.
Джейн: Егер арифметиканы жақсы түсініп кетер болсаң, мен саған фортепианода қалай ойнау керектігін үйретімін. Қазір қалаға барып қайтуым керек. Ал сен мына тапсырмаларды орындап қой.
Адель: О, жоқ. Бұл тапсырмалар тым қиын.
Джейн: Сенің қолыңнан келетініне сенімдімін.
Акт 11
Жолда Рочестер мырза құлап жатады. Джейн қарама-қарсы жолда келе жатып, оның жанында аздап кідіреді. Ойланып тұрып, былай дейді.
Джейн: Сізге көмек керек пе, сэр?
Рочестер мырза: Былай тұрыңызшы. Өзім тұрамын.
Джейн: Аттан құлаған көрінесіз. Еш жеріңізді жарақаттап алмадыңыз ба? Мен көмекке шақырайын.
Рочестер мырза: Керек емес! Дін аманмын. Бара жатқан жағыңызға жүре беріңіз!
Джейн: Мен сізді мына жағдайда қалдырып кете алмаймын, сэр.
Иығынан демеп, көмектеседі.
Рочестер мырза: Сіздің үйге қайтатын уақытыңыз болған жоқпа? Кеш батып барады. Қайда тұрасыз?
Джейн: Әне, анда. Өзі келе жатқан жақты нұсқайды.
Рочестер мырза: Мұнарасы бар үйде ме?
Джейн: Иә, сэр.
Рочестер мырза: Ол кімнің үйі?
Джейн: Рочестер мырзаның.
Рочестер мырза: Сіз оны танисыз ба?
Джейн: Жоқ, ешқашан көрген емеспін.
Рочестер мырза: Сіз онда кім болып жұмыс жасайсыз?
Джейн: Мен оқытушымын, сэр.
Рочестер мырза: Оқытушы ма?! Көмегіңізге үлкен рахмет! Үйіңізге ертерек қайтыңыз!
Екеуі екі жаққа тарайды.
Акт 12
Джейн бөлмеге кіреді. Фэйрфакс ханым алдынан шығады. Сыртта Рочестер мырзаның заттары ілініп тұрады.
Джейн: Фэйрфакс ханым, біреу келген бе?
Фэйрфакс ханым: Джейннің қолындағы заттарды алып, басқа жерге қойып жатады. Иә, Джейн. Рочестер мырза келген болатын. Жүр, қонақ бөлмеге өт. Екеуі қонақ бөлмеге келеді. Оқытушы келді, Рочестер мырза. Есімі Джейн. Джейн Эйр.
Джейн алғашында таң қалып қарап қалады, кейін иіледі.
Рочестер мырза: Отырыңыз, мисс Эйр.
Джейн орындыққа жайғасады. Жанына Адель жүгіріп келеді.
Адель: Қараңыз, мисс Эйр, Рочестер мырза маған әдемі көйлек алып келді. Мырза, сіз Джейн ханымға да сыйлық алып келдіңіз бе?
РМ (Рочестер мырза): Сыйлық алғанды ұнатасыз ба?
ДЖ(Джейн): Білмеймін, сэр. Менің бұл тақырыпта тәжірибем аз. Көп адамдар ұнатады ғой.
Адель Фэйрфакс ханымның жанына барып отырады. Ол кісі тоқыма тоқығанда жақсы көретін.
РМ: Иә, ұнатады. Ал сіз ше?
ДЖ: Сыйлықтың да әртүрлісі болады, солай емес пе?
РМ: Сіз мұнда қанша уақыт тұрып жатырсыз?
ДЖ: Төрт ай, сэр.
РМ: Қайдан боласыз?
ДЖ: Ланкширдге Ловуд мектебінен.
РМ: Ловуд? Сіз онда қанша уақыт болдыңыз?
ДЖ: Он жыл, сэр. Сегіз жыл оқушы, екі жыл оқытушы ретінде.
РМ: Ол жерде соншалықты ұзақ уақыт тұрыпсыз. Өміршең екенсіз. Бұл әлемнен емес секілді көрінесіз. Неге екенін білмедім, сізді көргенде, перизаттар есіме түсіп кетті. Сіз мүмкін менің атымды әдейі дуалады деп те ойлап қалдым.
ДЖ: Сіздің атыңыз тайғанақ жолда сырғанап кетті, сэр.
РМ: Мүмкін. Бірақ сенімді емеспін. Олай болса, мисс Эйр, қайырлы түн. Адель, сен де бөлмеңе бар.
Акт 13
Сабақ бөлмесінде. Адель сурет салып отырады. Джейн қылқаламдарды қарап тұрады. Жанына Рочестер мырза келеді.
РМ: Сіз Адельмен біршама қиналған боларсыз. Ол не ақылды, не талантты емес. Бірақ сіздің арқаңызда жақсарып келе жатқан сияқты.
ДЖ: Адель өте еңбекқор.
РМ: Фортепианода ойнауды үйретіп жүрсіз бе?
ДЖ: Иә, сэр.
РМ: Жақсы ойнай аласыз ба? Музыканы ұнатасыз ба?
ДЖ: Өте қатты жақсы көремін. Бірақ тек аздап қана ойнай аламын. Ловудтың барлық түлектері секілді. Олардан кем ойнамасам, артық ойнай алмаймын.
РМ: Адель маған бірнеше суреттерді көрсетті. Сіз салған деді. Бірақ мен сіздікі екеніне сенбеймін. Сізге біреу көмектесті ме?
Үстелде тұрған суреттерді алып қарай бастайды.
ДЖ: Маған ешкім көмектеспеді, сэр.
РМ: Сіздің көңіліңізге тигім келмеді. Бұл суреттерге ұзақ уақыт кеткен секілді ғой. Қашан салдыңыз?
ДЖ: Ловудтағы соңғы екі демалыс уақытында, сэр.
РМ: Бір жерден көшірдіңіз бе?
ДЖ: Өз ойымнан, сэр.
РМ: Өзіңіз ойланып па? Расымен?
ДЖ: Иә, сэр.
РМ: Осыншама қиял бір басыңызда бар болғаны ма?
ДЖ: Солай секілді... Яғни, солай деп сенемін.
РМ: Сурет салғанда бақытты болдыңыз ба?
ДЖ: Әрине! Алайда бар ойымды қағазға түсіре алмадым.
Рочестер мырза қолындағы суреттерді қайта үстелге қояды.
РМ: Сізге кішкене техника жетіспейді. Бірақ қиялыңыз шексіз екен.
Акт 14
Автор: Күндер өтіп жатты. Ал мен Рочестер мырзаға күн өткен сайын қатты бауыр баса бастадым.
Қонақ бөлмеде. Джейн қолына қарындаш пен парақ алып сурет салып жатады. Рочестер мырза кітап оқып отырады.
РМ: Кітаптан көзін алмай: Сіз мен жаққа ұзақ қарадыңыз ғой. Мен сізге тартымды болып көрінемін бе?
ДЖ: Жоқ, сэр.
РМ: Күледі. Джейнға қарайды. Сіздің жауаптарыңыз өте қызық. Сырттан қарағанда, қатал, мұңды, үндемей жүретін адам секілді көрінесіз. Ал сұрақ қоя қалса, жауаптарыңызды болжап білу мүмкін емес. Бұл нені білдіреді?
ДЖ: Кешіріңіз, сэр. Мен ойланбай жауап бердім.
РМ: Сіз менің айтқан сыныма ренжідіңіз бе?
ДЖ: Қожайынды қызметшінің ренжігені не үшін мазалауы керек?
РМ: Мисс Эйр, сіздің күлетін кезіңіз болады ма? Кідіріс. Жарайды, маңызды емес. Қолыңыздағы суретті көрсем болады ма? Суретті алады. Қарайды. Мынауыңыз айнымаған мен ғой. Жерде отырып сурет салып жатқан Адельдің жанына келеді. Джейн, мұнда келіп Адельдің суретіне пікір білдіріңізші.
ДЖ: Сурет жақсы. Бірақ, Адель, ашық түстерден бөлек, қараңғыларын да дұрыс қолдан.
РМ: Сіз сенесіз бе?
ДЖ: Түсінбедім, сэр.
РМ: Қараңғының да жарық секілді маңызды екендігіне сенесіз бе?
ДЖ: Менің ойымша, кемшіліксіз ешкім болмайды. Сол секілді әр адамның жасырын сыры болады. Сіз де, мен де табиғатымыздан пәк емеспіз.
РМ: Менің жүрегім де нәзік сезімдерге толы болатын. Өмір мені сынады. Төзімді, қажырлы етті. Мен қатты резеңке секілдімін. Менде әлі де болсын үміт бар ма, қалай ойлайсыз, мисс Эйр?
ДЖ: Үміт?
РМ: Иә, адамға айналуға үмітім бар ма?
Автор: Қызық адам. Құбылмалы. Бірақ оған бауыр басқаным сонша, тіпті, кемшіліктерін де байқамаймын. Мүмкін, барлық мәселе оның мінезінде болу керек?
Адель: Қараңызшы, Рочестер мырза! Қалай болды?
РМ: Керемет! Керемет!
Адель: Енді сіздің алдыңызда билеп берсем қалай қарайсыз?
РМ: Қатал үнмен. Жоқ. Бөлмеңе бар!
Адель: Сәл қала тұрсам болады ма? Менің билегім келіп тұр!
РМ: Сөзді доғар.
Адель басын төмен түсіріп бөлмеден шығып кетеді.
ДЖ: Менімен тәкәппар үнмен сөйлессеңіз ешнарсе демеймін. Тек кішкентай баламен емес!
РМ: Мен онымен өз қалауымша сөйлесемін! Оны көрген кезде маған оның анасы елестейді. Сол өтірік сұлулық! Анасы операда биші болатын. Мен оның жалғыз көңіл қосқан адамы болмадым. Бірақ ол Адельдің менің қызым екендігін айтты. Иә, сол сәтте менің оған сенгім келді. Шын қуандым. Алайда, бір түні оны басқа адамның құшағынан тауып алдым. Мен ол еркекті өлтіріп, әлгі әйелге ақшасын беріп қуып шықтым... Енді сіздің Адель туралы да ойыңыз өзгеріп кеткен болуы керек! Қаласаңыз, басқа оқытушы іздей аламын.
ДЖ: Анасының, не сіздің әрекетіңізге бала жауапты емес!
РМ: Менің? Мен не істедім?
ДЖ: Сіз Адельді махаббаттан айырдыңыз. Егер бұлайша қатал болатын болсаңыз, неге оны Парижде қалдырып кетпедіңіз?!
РМ: Өйткені, оны анасы тастап кетті! Бұл баланың менен басқа ешкімі болмады! Ал мен жауапкершілігі жоқ адам емеспін. Мұнда менің кінәм жоқ. Қайырлы түн, мисс Эйр!
Акт 15
Рочестер мырза төсегінде жартылай отырады. Үсті басы су. Джейн қолындағы құмырамен тұрады.
РМ: Мұнда не болып жатыр?! Неге менің үстіме су құйдыңыз?!
Автор: Расын айтсам, түнде бір қауіпті сезгендей өздігімнен оянып кеттім. Біраз жатқаннан кейін ғана дауыс естідім.
ДЖ: Мен білмеймін. Біртүрлі күлкі естідім. Сыртқа шықсам, сіздің бөлмеңіздің есігі ашық тұр екен. Ал төсегіңіз өртеніп жатты. Сондықтан су құйдым.
Рочестер мырза орнынан тұрады.
РМ: Сіз мені құтқардыңыз!
ДЖ: Сіз дауысты естідіңіз бе?
РМ: Өзгенің жұмысына араласпаңыз! Қорқатын ешнарсе жоқ! Бөлмеңізге барыңыз!
ДЖ: Қайырлы түн, сэр!
Құмыраны орнына қойып, сыртқа шыққалы жатады.
РМ: Тоқтаңыз! Сіз осылай кетесіз бе?
ДЖ: Сіз өзіңіз солай дедіңіз ғой.
РМ: Бірақ бір де бір жылы сөз айтпай осылай кете бересіз бе? Сіз мені құтқардыңыз ғой. Тым болмаса қол алысайық.
Қол алысады.
РМ: Мен сіздің алдыңызда қарыздармын.
ДЖ: Жоқ, сіз маған қарыздар емессіз. Олай ойламаңыз!
РМ: Мен сіздің тек жақсылық алып келетін адам екеніңізді бір көргеннен байқағанмын.
ДЖ: Кенеттен оянып кеткеніме қуаныштымын.
РМ: Сіз тоңып тұрған секілдісіз. Бөлмеңізге барыңыз.
Акт 16
Джейн ас бөлмеге кіреді. Фэйрфакс ханым тамақтанып отырады.
Джейн: Фэйрфакс ханым, сіз түнде әйел адамның күлкісін естімедіңіз бе?
Фэйрфакс ханым: Жоқ, мисс, естімедім.
Джейн: Қожайын көрінбейді. Ол кісі бір жерге кетіп қалды ма?
ФХ (Фэйрфакс ханым): Милкоттың екінші жағында тұратын лорд Ингремнің үйіне кетті.
Джеъйн: Кешке дейін қайта оралады ма?
ФХ: Олар ақсүйек адамдар. Бірге жиналған кезде, ешқайда асықпайды. Кенеттен Лондонға не басқа континентке де кетіп қалуы мүмкін. Кейде Рочестер мырза айлап, жылдап оралмайды. Ол әйелдерге ұнайды. Мисс Бланш оған бұрыннан көз салған.
Джейн: Мисс Бланш дейсіз бе?
ФХ: Иә, лорд Ингремнің қызы. Бұл аймақтағы ең әдемі ханымдардың бірі.
Джейн: Ол кісі қожайынға ұнайды ма?
ФХ: Иә, Рочестер мырза Бланш ханымның жанында мүлдем басқа адам болып кетеді. Көңілді. Мен тамақтанып болдым, жұмысқа кірісейін.
Джейн: Иә, әрине.
Акт 17
Адель терезеден қарайды. Фэйрфакс ханым тоқыма тоқып, Джейн кітап оқып отырады.
Адель: Келе жатыр!
Джейн: Не болды, Адель?
Адель: Олар келе жатыр!
Джейн: Тұра тұр! Асықпа!
Джейн мен Фэйрфакс ханым терезеге жақындайды.
ФХ: Мадемуазель, қараңыңызшы, қандай сұлу ханымдар келе жатыр! Леди Ингрем, леди Эштон, иә, леди Линн мен мисс Бланш та келеді.
Адель: Рочестер мырза Ингрем ханымға үйленеді ме?
ФХ: Мұндай сұрақтарды қоюшы болма, Адель!
Адель: Неге?
Фэйрфакс ханым терезеден әрі барып, заттарды жинастыра бастайды.
ФХ: Оның бізге қатысы жоқ!
Адель: Егер үйленетін болса, онда қатысы болады!
ФХ: Әңгімені доғар, Адель! Сабағыңа қара!
Адель: Үйленбейді деп үміттенімін. Қызметші мисс Бланшқа тек ақша керек деп айтты.
Джейн: Адель!
Акт 18
Қонақ бөлмеде барлық қонақтар әңгімелесіп, ойын ойнап отырады.
РМ: Фэйрфакс ханым, барып Адель мен мисс Джейнді ертіп келіңіз.
ФХ: Егер келгісі келмесе? Мисс Эйр мұндай жиындарды ұнатпайды.
РМ: Менің қалауым осы екенін айтыңыз.
Сәлден кейін Адель мен Джейн бөлмеге кіреді. Иіліп, сәлем береді.
Адель: Кеш жарық!
Мисс Линн: Қуыршықтай әдемі екен!
Мисс Эштон: Рочестер мырзаның тәрбиесіндегі қыз болуы керек.
Ингрем ханым: Есімің кім болады?
Адель: Адель!
Мисс Бланш: Мырза, сізді балаларды ұнатпайды деп естуші едім.
РМ: Дәл солай.
Мисс Бланш: Онда мына қызды не үшін өз тәрбиеңізге алдыңыз? Қайдан таптыңыз өзі?
РМ: Мен оны тауып алмадым. Маған оны аманат етіп қалдырып кетті.
Мисс Бланш: Сіздің оны мектепке жіберуіңіз керек.
РМ: Мектепке беру қазір өте қымбат. Менің жағдайым жетпейді.
Мисс Бланш: Оған өзіңіз қарап жүрмеген шығарсыз?
РМ: Оның оқытушысы бар.
Мисс Бланш: Оқытушыларды аңғару мүлдем қиын емес. Барлығы бірдей тартымсыз, оқымаған болады. Солай емес пе, апа? Ингрем ханымға бұрылады.
Ингрем ханым: Кімдерді айтасың, қызым?
Мисс Бланш: Оқытушыларды айтамын.
Ингрем ханым: Оларды тіпті аузыңа алма! Оқытушы деген бір сөздің өзі менің ашуымды келтіреді. Олардың ақылсыздықтарынан әбден азап көрдім.
Біреу «кхм, кхм» деп дыбыс шығарады.
Ингрем ханым: Мен бірдеңені қате айттым ба?!
Мисс Эштон: Олардың бірі сіздің артыңызда тұр.
Ингрем ханым: Кім?
Мисс Эштон: Оқытушы
Ингрем ханым: Тіпті жақсы! Оған шындықты есту керек.
Мисс Бланш: Жарайды, апа, көңіліңді түсірме. Одан да мен бір әуен ойнап берейін. Ал сіздер билеңіздер! Ән сізге арналады, менің қымбатты мырзам.
РМ: Сіз аспапта ойнар болсаңыз, мен кіммен билеймін?! Бірақ әсем әуеніңізді тыңдаудан еш қашпаймын.
Күледі. Джейн аздан соң сыртқа шығады.Рочестер мырза оның артынан шығады.
РМ: Джейн!
Джейн: Иә, сэр.
РМ: Өңіңіз қашып кетіпті! Ауырып тұрған жоқсыз ба?
Джейн: Жоқ, сэр!
РМ: Жүріңіз, көңіл көтеріңіз, әлі ерте!
Джейн: Жоқ, шаршап тұрмын.
РМ: Сіздің бір заттан көңіліңіз қалды ма?
Джейн: Жоқ, мүлдем олай емес.
РМ: Өтірік айтасыз! Сіздің тіпті жылап жіберейін деп тұрғаныңызды көріп тұрмын ғой.
Джейн: Кешіріңіз мені, шынымен қатты шаршап тұрмын.
РМ: Жарайды, бүгінге, тек бүгінге жіберейін. Бірақ күнделікті кешке осындағы көңіл көтеруге қатысатын болыңыз. Менің тілегімді жерде қалдырмаңыз, Джейн!
Акт 19
Қолына хат ұстаған Джейн бақшада жалғыз отырған Рочестер мырзаның жанына жүгіріп келеді.
Джейн: Менің біраз уақытқа бір жерге барып қайтуым керек, сэр.
Рочестер мырза орнына тұрады.
РМ: Неге? Не үшін?
Джейн: Кеше маған хат келді. Ауырған кісінің көңілін сұрап қайтуым керек.
РМ: Ол кім?
Джейн: Мені өсірген адам. Тегі Рид.
РМ: Мен сіздің жақындарыңыз жоқ деп ойласам.
Джейн: Мені мойындағандар, иә, жоқ. Ол кісі мені кішкентай кезімде Ловудтқа қуып жіберген.
РМ: Онда не үшін баруыңыз керек?
Джейн: Ол хәл үстінде. Мен оның өтінішін аяққа таптай алмаймын.
РМ: Мен сіздің ойыңызды өзгерте алмаймын ба?
Джейн: Жоқ, сэр! Бірақ мен Торнфильдке қайта ораламын. Уәде беремін.
РМ: Демек, қоштасу керек пе?
Джейн: Иә, сэр.
РМ: Адамдар қалай қоштасады? Үйретіңізші маған.
Джейн: «Кездескенше» деген секілді сөздер айтады.
РМ: Олай болса, кездескенше, Джейн!
Джейн: Кездескенше
РМ: Көңілі түсіп кетеді. Осымен болды ма?
Джейн: Иә, сэр.
РМ: Тым болмаса, бір біріміздің қолымызды алайық. Қол алысады. Уәдеңізді ұмытпаңыз, Джейн.
Акт 20
Қолында чемоданы бар Джейн бөлмеге кіріп келеді. Қызметші иіліп сәлем береді.
Қызметші: Риверс мырза, мисс Эйр келді. Риверс мырза жандарына жүгіріп келеді.
Риверс мырза: Мисс Эйр, қош келдіңіз, сізді көргеніме өте қуаныштымын. Менің есімім Джон Риверс, Гейтсхедтің қараушысы боламын. Тәтеңіз сізбен кездесуді асыға күтті. Джейннің қолындағысын алып, қызметшіге береді. Қызметші кетіп қалады.
Джейн: Ол кісіге не болды, мырза?
Риверс мырза: Сіздің нағашыңыз, Джон Рид, алдыңғы айда Лондонда қаза тапты.
Джейн: Джон ба? Қалай?
Риверс мырза: Бұзақы топпен байланысқан болуы керек. Мырзаның қазасын көтере алмай Рид ханым жатып қалды. Жүріңіз, сізді ол кісіге алып барайын. Екеуі кетіп қалады.
Рид ханым: Сіз ұқсайсыз... Сіз Джейн Эйрге ұқсайсыз. Қолын төсектен көтереді.
Джейн: Мен Джейн Эйрмін.
Рид ханым: Менің халім мүшкіл. Саған жасаған жамандығым мені жегідей жеп барады. Менің бірінші кінәм, күйеуіме сізді өз баламдай өсіремін деп айтқаным. Екіншісі... . Менің үстелімдегі хатты алып, оқыңыз.
Джейн: “Менің жиенім Джейннің мекен жайын жазып жібере аласыз ба? Мен оған менің жаныма Мадейраға келуін сұрағым келеді. Мен үйленбедім, балам да жоқ. Сондықтан Джейнді өзіме қыз етіп алып, бар байлығымды сол қызға қалдырғым келеді.” Джейн хатты қайта бүктейді. Бұл хатқа үш жыл болған. Ол кісі маған ешнарсе жазбады.
Рид ханым: Иә, өйткені, ол кісіге сіз туралы хабарсызбын деп айтқан болатынмын. Енді өз қалауыңша жасаңыз. Оған жазыңыз, қаласаңыз, менің өтірік айтқанымды да айтыңыз. Сіз өмірге мені қинау үшін туылғансыз!
Джейн: Мен кек сақтамаймын. Мен сіздің досыңыз болуға дайынмын. Мені жек көрсеңіз де, жақсы көрсеңіз де, өз еркіңіз. Мен сізді шын жүректен кешірдім. Джейн Рид ханымның жанына тізерлеп отырып, қолын ұстайды. Рид ханым қолын қағып жіберіп, теріс қарап жатып қалады.
Акт 21
Джейн Торнфильд сарайына оралады. Алдынан Адель жүгіріп шығады.
Адель: Мадемуазель! Сізді келмейді ме деп қорқып едім. Құщақтай алады.
Джейн: Мен уәде бердім ғой.
Адель: Сіз бір аптаға дегенсіз, ал өзіңіз бір айға жоғалып кеттіңіз.
Джейн: Кешір мені, Адель.
Адель: Рочестер мырза мені мектепке жібергелі жатыр. Кетіп қалсам, сізді енді көрмеймін бе деп қорықтым.
Джейн: Мектепке дейсің бе?
Адель: Иә, жас ханымдардың Париждегі мектебіне.
Джейн: Кешкі асқа бара бер. Мен қазір келемін, Адель.
Рочестер мырза бақшада кітап оқып отырады. Адам аяқтарының дыбысын естіп, кітап қойып, сол жаққа бұрылады. Джейнді көріп, таң қалып, орнынан тұрады.
РМ: Сіз қайтып оралдыңыз ба?
Джейн: Уәде бергендей.
РМ: Иә, уәде бергендей. Кідіріс. Неге үндемейсіз. Не туралы ойлап тұрсыз, Джейн?
Джейн: Көп нәрсе туралы, сэр. Торнфильдке қайтып оралу туралы.
РМ: Сонымен?
Джейн: Сіз Адельді мектепке жібергелі жатырсыз ба?
РМ: Иә, бұл оған жақсы әсер ететін болады. Сіз олай ойламайсыз ба? Париж оның үйі.
Джейн: Неге екенін сұрасам болады ма?
РМ: Сіз өзіңіз-ақ жауабын біледі деп ойласам.
Джейн: Мүмкін... Мүмкін бұл сіз үйленгелі жатқан соң шығар.
РМ: Дәл таптыңыз. Сіздің байқампаздығыңыз тағы да өзін дәлелдеді. Қуанып. Мен үйленемін.
Джейн: Демек, Адельді мектепке жібересіз.
РМ: Иә, сізге жаңа жұмыс қажет болады.
Джейн: Уайымдамаңыз, мен хабарландыру беретін боламын.
РМ: Жоқ, бермейсіз. Ирландияда бес жасар қызға оқытушы керек болып жатыр екен. Мен сізді сонда жіберемін. Сенімді адамдар, қорықпасаңыз болады.
Джейн: Өте алыс...
РМ: Сіз секілді қызды ұзақ жол жүру мазалайды деп ойламаппын.
Джейн: Жол емес.Қашықтық. Сосын теңіз. Үлкен кедергі болады.
РМ: Ненің арасындағы кедергі Джейн?
Джейн: Менің және Ұлыбританияның. Және Торнфильдтің. Және... Кідіріс.
РМ: Кейде менде қызық сезім пайда болады. Мен сізге көзге көрінбейтін жіппен байланған секілді сезіледі. Оның шеті, міне мұнда, менің жүрегімде. Ал келесі шеті, сіздің жүрегіңізде. Егер сіз Ирландияға кететін болсаңыз, бұл жіп үзіледі. Ал ол үзілсе, жүрегім қан жылайтын болады. Бірақ сіз мені ұмытатын боласыз.
Джейн: Жоқ, мен сізді ешқанашан ұмытпаймын. Өмірге мүлдем келмегенімде, Торнфильде мүлдем жолым түспегенде ғой.
РМ: Мұнда басқа үйлер де бар ғой. Қандай ақымақсыз!
Джейн: Қандай қатыгезсіз! Мен кедей болсам да, сезімнен жұрдай емеспін! Мен бұл үймен емес, менің мұндағы өміріммен қоштасудамын! Мұнда мені ешкім кеудемнен итеріп, кемсіткен жоқ.
РМ: Дәл солай, менің кішкентай кеңесшім!
Джейн: Иә, дәл солай. Бірақ менің қалағанымдай емес. Өйткені сіз үйленгелі жатырсыз!
Джейн ашуланып, дауысын көтеріп сөйлейді. Жылай бастайды. Рочестер мырза оны қолынан ұстайды.
РМ: Тынышталыңыз!
Джейн: Жіберіңіз мені!
РМ: Тыныш, сіз қамаудағы құс секілдісіз.
Джейн: Жоқ, мен қамаудағы құс емеспін. Мен еркін адаммын. Менің өз қалауым бар.
РМ: Егер қаласаңыз, онда қалыңыз, Джейн. Қалыңыз да менің әйелім болыңыз. Қуанып, күледі.
Джейн: Күлуге қалай дәтіңіз барады?
РМ: Мен рас айтып тұрмын, Джейн. Торнфильде қалыңыз. Қалыңыз да менің қалыңдығым атаныңыз. Құшақтайды.
Джейн: Джейн таңырқап қалады. Мисс Ингрем ше?
РМ: Ол мені, ал мені оны жақсы көрмейміз. Мүлдем. Сіз қызық жаратылыссыз, Джейн. Мен сізді барлығынан артық жақсы көремін. Менің жанымда қалыңызшы. Эдвард, мен келісемін деп айтыңызшы. Атымды атаңызшы.
Джейн: Иә! Иә! Эдвард, иә, мен келісемін! Тіпті не айтарымды да білмеймін. Бұл менің түсім бе?
РМ: Мен сізді жақсы көремін, Джейн!
Акт 22
Джейн той көйлегін киіп, Фэйрфакс ханым оған көмектесіп жатады. Шаштарын түзетеді.
Фэйрфакс ханым: Сіз маған өте қымбатсыз, мисс Эйр. Сондықтан айтырым, сіз жассыз және ер адамдардың қандай болатынын білмейсіз. Рочестер мырзаның сізге бауыр басып жатқанын байқап, сізге ескерткім келген.
Джейн: Нені?
Фэйрфакс ханым: «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген ескі мәтел бар. Барлығы сіз қалағандай болмайды ма деп қорқамын.
Джейн: Сонда сіз Рочестер мырза мені шынайы жақсы көре алмайды дегіңіз келе ме?
Фэйрфакс ханым: Жоқ, жоқ! Мәселе онда емес, қымбаттым.
Бөлмеге Рочестер мырза кіріп келеді.
РМ: О, Джейн! Құлпырып кетіпсіз! Жылқылар дайын тұр, дінбасы да келіпті. Шіркеуге барайық. Барлығы аяқталғаннан кейін дереу жолға шығамыз.
Джейн: Иә, сэр.
Екеуі орнынан тұрып кетіп бара жатады.
РМ: Сіз өкінбейсіз бе, Джейн?
Джейн: Жоқ, Эдвард, мүлдем.
Шіркеу. Дінбасы. Оның жанында Рочестер мырза мен Джейн тұрады. Ал жандарында бірнеше тойға қатысушылар.
Дінбасы: Құрметті, ханымдар мен мырзалар! Біз Құдайдың алдында осы екі жастың қасиетті некесін қию үшін жиналдық.
Есікті қатты ашып, бөлмеге ер кісі кіріп келеді.
Мэйсон: Тоқтатыңдар! Бұл некенің қиылуы мүмкін емес! Оған үлкен кедергі бар!
РМ: Жалғастырыңыз!
Дінбасы: Рочестер мырзаға қарап. Мен олай жасай алмаймын! Мэйсонға қарап. Кедергінің табиғаты қандай?
Мэйсон: Мәселе мынада: Рочестер мырза үйленген адам.
Дінбасы: Сіз кімсіз?
Мэйсон: Мен Рочестер мырзаның қазірге әйелінің ағасымын. Қалтасынан қағаз шығарады. Барлығына көтеріп, көрсетеді. Менің дәлелдейтін құжатым да бар! 1829 жылы 20 қазанда Эдвард Фэйрфакс Рочестер, менің қарындасым Берта Антуанеттаға үйленген. Неке қию жөніндегі куәліктің көшірмесі менде. Ричард Мэйсон деп қол қойылған. Айқайлап сөйлейді. Неке қию болмайды!
Дінбасы: Қасиетті жерде тұрғаныңызды ұмытпаңыз!
Джейн Рочестер мырзаға қарайды.
РМ: Мырзаның айтып тұрғаны рас. Мен үйленген адаммын және менің әйелім әлі тірі. Мен үйленген уақытта маған оның есі ауысқан адам екендігін ешкім ескерткен жоқ. Менің сарайымнан шығатын әйел адамның айқайы, болған барлық келеңсіз жағдайлар соның қолымен жасалған. Мен өз тағдырыма мойын ұсындым. Бірақ мен Бертаны өз әйелім деп санамаймын.
Жарық өшеді. РМ мен Джейннің дауыстары.
Джейн: Менің кетуім керек, Эдвард!
РМ: Жоқ, кетпеңізші, Джейн! Мен сізді сүйемін! Сіз де мені жақсы көретініңізді айтыңызшы!
Джейн: Мен де сізді сүйемін. Бірақ мен бұл сөздерді ендігіде айта алмаймын. Менің кетуім керек.
РМ: Жоқ, Джейн! Мені қалдырмаңыз!
Джейн: Қош болыңыз, Эдвард!
Акт 23
Автор: Апталап жол жүргеннен кейін мен бар ақшамнан, тамағымнан айырылып, бір елді мекенге жеттім. Бар намысымды жиып қойып, адамдардан қайыр емес, жұмысқа алуларын өтіндім. Бірақ ешкім мейіріммен жауап берген жоқ. Осылайша өмірімнің соңы осы шығар дегенде мені Сент Джон есімді мырза құтқарып алды. Сент Джон иығынан көтеріп, әлсіреген Джейнді алып келе жатады. Алдынан екі қыз жүігіріп шығады.Ал оның қарындастары Мери мен Диана маған жақсылап қарады. Ақырындап, мен олармен жақсы дос болып кеттім. Жарық өшіп, үш қыз бірге кітапқа қарап келе жатады. Жарты жылдай сонда жұмыс істедім. Бірақ Торнфильдке, Рочестер мырзаға деген сағыныш жүрегімді жеп бара жатты. Сент Джон хат алып келеді. Джейн оны оқып қалған үшеуіне қарайды. Бірнеше айдан кейін, Джон ағамның қайтыс болып, бар байлығын маған қалдырғаны жөнінде хабар алдым. Ал бұл қайырымды кісілер менің туыстарым болып шықты. Ақшаны бауырларым атанған кісілермен теңдей бөлісіп, Торнфильдке қайта оралуға бел байладым. Себебі, жүрекке әмір жүрген емес.
Рочестер мырзаның дауысы: Джейн! Джейн! Джейн!
Джейн сол дауысқа қарай жүгіреді.
Джейн: Рочестер мырза! Қайдасыз?! Рочестер мырза!
Акт 24
Автор: Мен Торнфильдке келгенімде оның толығымен өртеніп кеткенін көрдім. Эдвард тірі ме, өлі ме деген ой мазалап тыныштала алмадым. Бірнеше апта дегенде мен оның қайда екендігін таптым.
Рочестер мырзаның қолында таяғымен жерді бірнеше рет түртіп көзі көрмейтінін білдіреді. Көзі жұмулы. Бір қолы жоқ. Есіктен Джейн кіргенде басын бұрады.
Рочестер мырза: Суды алып келдіңіз бе, Фэйрфакс ханым?
Джейн жанына келеді. Үндемей суды береді.
Рочестер мырза: Джейн? Мына қолдар, Джейннің қолдары. Мен тағы да елес көріп жатырмын ба? Неге менің сезімдерімді алдайсыз? Есімнен адаса бастағаным ба?
Джейн: Жоқ, сэр. Мен Джейнмін. Мен қайта оралдым.
Қолынан су түсіп кетеді.
Рочестер мырза: Сіз менің өзіңізді шақырғанымды естідіңіз бе? Мен сізді шақырдым. Мен бұл сәтті түсімде қаншама рет көрдім. Бірақ барлық қиялым бір мезетте жоқ болып кетуші еді. Жоқ болмас бұрын мені бір құшақтаңызшы, өтінемін.
Джейн: Мен сізді енді ешқашан жалғыз қалдырмаймын.
Джейн Рочестер мырзаның қолынан ұстайды.
Рочестер мырза: Сіз менің жанымда қаласыз ба? Бірақ қалай?
Джейн: Иә, мәңгілікке сіздің қараушыңыз, досыңыз боламын. Мен тірі тұрғанда сіз ешқашан жалғызсырамайтын боласыз.
Рочестер мырза: Мен кәрі ағаш секілдімін, Джейн. Сіз кеткеннен кейін менің өмірімде қараңғылық орнады. Ешнарсе маған қуаныш сыйлай алмады. Бірнеше айдан кейін, Берта үйді өртеп жіберді. Мен оны өрттен құтқарамын деп, жан ұшыра жүгіргенімде жанарымнан және бір қолымнан айырылдым. Ал Берта сол түні шатырдан құлап өз-өзіне қол жұмсады. Мен жарыммын, Джейн. Түсінесіз бе? Мендей кәрі ағашты найзағай екіге сұлатты.
Джейн: Жоқ, сіздің жүрегіңіз махаббат пен құштарлыққа толы. Мені қанша қусаңыз да, сіздің жаныңызда қаламын, Эдвард. Мен сізді дәл осы қалпыңызда жақсы көремін.
Акт 25
Автор: Үш жыл өткеннен кейін.
Рочестер мырзаның қолында кішкентай сәби болады. Рочестер мырза, Адель, Джейн сахнадан бір біріне қарап күліп жүріп өтеді.
Автор: Өміріміз қайта гүлдеді. Біз үйлендік. Эдвард әлемді өз көзімен қайта көре бастады. Қолына тұңғыш сәбиін алғанда, көзінің түсі сәбидікімен бірдей екендігін байқап, қатты қуанды. Өмірге деген махаббатқа толы көздер. Адельді қайта өз қолымызға алдық және оны туған қызымыздай жақсы көреміз. Эдвард екеуміздің жүрегіміз үнемі бірге соғады.