Ағыс бойымен жүзген үй
Раши Рохадги
Аударған Қажыәкпар Айбарша
Локдаун кезі еді. Менің ұлым ваннада ән салып отыр. Оқып жүрген сүйікті кітабынан үзіндіні есіне алып, ағаштан жасалған қызғылт қоқиқазына: «У дегенім – ульта-пульта. Әне! Қазір ана толқын бәрінің астаң-кестеңін шығарады!» деп қояды.
Зерттеулерге сүйенсек, тілді үшінші ұрпаққа контекстсіз жеткізуге тырысу тіптен мүмкін емес, бірақ мен тоқтай алар емеспін. Ұлымның алғашқы текше ойыншықтары хинди әліппесінің қырық төрт әрпімен безендірілген еді; қазір оның кітап сөресінде менің ата-анам Үндістаннан немесе тым болмағанда Нью-Джерсиден әкелген үнді комикстері самсап тұр. Ол әдетте ағылшынша біреуін таңдайды, бірақ ара-тұра Хануман я Улупи жайлы хикаяларды айтып беруімді сұрайтын, өзі соларды оншалықты түсінбейтін де. Бәлкім бұл оған: «Әкем бұл әңгімені түсінбейді. Тек сен екеуіміз хиндише сөйлейміз», – дегеніндегі масаттана жымиюы үшін керек, ал мен оны тыйғым келмейді.
Біздің шалғайдағы норвегиялық қалашығымызда ондаған тілді құлағыңыз шалуы мүмкін, бірақ қыз бен жігітке айналмай тұрып, колледждегі сол бір жігітті үйренуге мен мәжбүр еткен тілді қазір де естуіңіз екіталай. Сіз сонда болсаңыз, өлең оқығанымды сыртымнан тыңдап немесе құлаққабымнан шыққан Болливуд әуенінің үзіндісін естіп қалар едіңіз. Біз енді көшіп келгенде, мен хинди тілінде жазылған маврикийлік романның аударма жұмысына беріліп кеткенім соншалық, басқа ештеңені де байқамаған екенмін (бұл іске он бес жыл бойы кіріскім келіп жүрді, кіріскеннен кейін он шақты жыл бойы белсене араластым). Ол кезде ұлымның тілі әлі шықпаған, сондықтан күндіз аудармамды оған хиндише мазмұндап, жолдасым жұмыстан келгенде ағылшын тіліне ауысуым еш қиындық тудырмады.
Бірақ көп ұзамай оның тілі шықты да, ол балабақшаға бара бастады. Тәрбиешілері көзі ашық жандар болғандықтан, ұлымнан топтағы балаларға өз туған жері Америка жайлы айтып беруін сұрады. Ұлым оларға Америкадағы адамдар вегетариан екенін айтқан екен, мәз-мейрам болмай қайтейін? Бірақ көп ұзамай жолдасым екеуіміз оның сұмдық акцентін байқадық. Ата-әжесімен сөйлесуін тоқтатпауы үшін тез арада бір ереже ойлап таптық: үйде норвегше сөйлесуге болмайды, тек ағылшынша сөйлесеміз! «Және хиндише», – деп қостым мен. «Бірақ сенімен ғана», – деді ұлым.
Мәдени мұрамның басқа көптеген аспектісімен қатар, хинди тілі де құлағымда үздіксіз, бірақ ақырын ғана күбірлеп тұратын. Ол біз сауық кештерінде айналдырып көре беретін, жаңбыр астындағы қараторы қос ғашық туралы фильмдердің тілі болды. Ол Иегова куәгерлері есігімізді қаққаннан басқа жағдайларда әжем білмейтін кейіп танытатын тіл еді. Дүкеннен сатып алу керек заттар тізімінің жартысы сол тілде болатын. Дәл осы жайт колледжде хинди тілінен қабылдау емтиханын тапсырарда мені тығырыққа тіреді: иә, мен мұны білдім, оны емтихан алушы да мойындады, бірақ мен террористік қырғын туралы жаңалықты талқылау кезінде сәбіз турауға қатысты етістіктерді қолдандым. Соңында: «Бар білгенің – «қазан-ошақ қасындағы хинди», – деп кесіп айтты ол.
Колледжде менің хинди деңгейіме сәйкес сабақтар өткізілген жоқ, сондықтан колледж кітапханасында да ондай хинди әдебиеті болмады, бірақ «Хиндиға кіріспе» пәнінен беретін профессор маған бұрын ешқашан естіп-білмеген бір кітапты ұсынды: бұл – АҚШ-тан басқа жерде дүниеге келген америкалықтардың хинди тілінде жазған өлеңдерінің антологиясы еді. Көңілім теңізге алып ұшты: «хинди тілінде әдебиет бар екен», – деп ата-анама ауыз толтыра айттым. Сол кітапты тереңірек оқуға бел буған күйі, адамдардың оны лайықты түрде білуі керектігіне АҚШ үкіметін сендірдім. Келесі екі жылда олар аспирантура жатақханасына хиндише кітаптарды қатар-қатар етіп тізіп шықты. Мен сол жылы екі адамға ғашық болдым: оның бірі – аударылмаған маврикийлік жазушы, дәлірек айтсақ, оның адамгершілікке толы, қоңыраудай сылдырлаған хинди поэзиясы мен прозасы болса, екіншісі Лата Мангешкар айтатын Баппи Лахиридің «Тода рэшам лагта һэ» әнін екеуіне де бір тиын төлеместен көшіріп алуға тырысқан Ракимнің нұсқасын тіпті естіп көрмеген жолдасым еді.
Содан кейінгі бірнеше жылда жолдасым үнді мәдениетін мен секілді білуге ынталы екенін анық көрсетті: ол дал мен бинди пісіруді өзі үйреніп алды, біздің үйлену тойымызда ыңғайсызданып қалмас үшін Болливуд би сабақтарына қатысты. Ата-анамды британиялық парламент ғимаратының экскурсиясына да өзі апарып келді, жол бойы олар сол ғимаратты басқа жерден көрген одан әдемірек парламент үйімен салыстырумен болыпты... Бірақ ол шет тілін үйрене алмайтынын айтты. Туфан сөзінің синонимдеріне толы тұңғиыққа сүңгіп кетіп, бұған аса мән бере қоймадым. Кейін, Трамп президент атанған соң, біз жаңа бір мүшемен толыққан отбасымызбен Норвегияға қоныс аудардық. Баламыздың тілі шықпай тұрып мен күйеуімнің шет тіліне жүйрік екенін білдім, бірақ хиндиге келгенде ол кенеттен бұл қабілетінен айырылып қалыпты.
Көптен күткен қоңырау шалынды: редакторлар аударманың ақырғы түзетулеріне риза болған екен. Жүрегімнен орын тапқан кітап енді ағылшынтілді әлемге жол тартты. Бірақ менің өмірім ол әлемнен алыстап кеткен, сондықтан жолдасым бұл күнді атап өтейік дегенде бойымды ашу кернеді. Қайғырып отырғаным байқалмады ма? Мені жұбататын жалғыз нәрсе – біздің скандинавиялық минимализм үлгісіндегі пәтеріміздің еденіне жатқан күйі, сәбиімнің құлағына хиндише өлең сыбырлап, оны тербету еді. Айдың соңында ұлым дүниеге келген күннен бастап онымен ең ұзақ уақытқа айырылысатын сәт келіп жетті: мен бір аптаға жазушылар конференциясына барғалы жаттым. Сол сәтте екітілді сатқын жолдасымнан алыстағаныма бойымды жеңілдік сезімі билегені соншалық, баланы үйде қалдырып кетудің қандай боларын оншалықты сезбедім. Жырақта жүргенде зәкірден ажырағандай күйде болдым, барлығы өз орнына түскендей болды; ал қайтып оралғанымда бұрынғы өзімнен де, мұхит асып қоныс аударған кезде мені су бетінде ұстап тұрған қарым-қатынастарымнан да баяу алыстап бара жатқандай сезіндім. Енді ұлым менің ойым мен пікірімді ғана тыңдайтын сәби емес, өз ақылы мен тілі бар балаға айналды. Маған мен өткізіп алған аптадағы қызықтарды баяндаған кезде мен оның барлық сөзді ойша аударып тұрғанын, норвег тілінде оған айқын ұғымдардың ағылшынша баламасын іздеп тұрғанын байқадым. Ақырында істеп жүргенім мағынасыз шаруа деп шештім. Оған велосипед тебуді үйретуге көңілімді аудардым. Оның алдында жүгіріп келе жатып, жалди, жалди деп ойлағаныммен, оған ағылшыншалап: «жылдамдат!» – дейтінмін.
«Оларды Үндістанға қашан алып барасың?» – деп сұрады бір күні жақын досым. Ол қыс кезі, пандемия басталмаған уақыт еді, ол шақта бәрі қолдан келетіндей көрінетін.
Содан басқасының бәрі. Үндістанға барған соңғы сапарымда жерлеу рәсімдеріне қатысумен болдым. Норвегияға көшкелі бері тіпті сол рәсімдердің өзінен қалып жүрдім, А нүктесінен Б нүктесіне жетемін дегенше, өлі дене күлге айналып, күл Ганг өзеніне оралып үлгеретін. Визамның мерзімі аяқталған еді, ал елдің жаңа үкіметін қабылдай алмағанмын. «Кейінірек», – дедім де, іштей соған сендім.
Содан кейін – локдаун. Тағы жерлеу. Мен қайтадан хиндише сөйлей бастадым. Ұлым: «не дейсің?» – деп сұрайтын, бірақ мен жауап қатпайтынмын. Енді мен хинди тілін оның қайғы жұтқан туыстарымен сөйлесуіне бөгеу ретінде қолдандым. Емтихандарымды үздік тапсыру үшін жаттаған ас үй және қырғын туралы сөздік қорым енді шығыстан батысқа қарай созылған қайғы-қасіретімнің ағытылуында барынша қолданысқа түсті.
Бірақ бәрі де кеш. Үнді комикстері, көбіне индуистік мифологияға негізделген комикстер көңілсіз, сұрқай келеді. Бізге бұрын ұнаған бірнеше әңгіменің соңын енді қоспай-ақ қоюды ұйғардым: аралды өртеп, оның жанып жатқанына қарап тұрған маймыл; ағаштың басына мініп алып, арыстанның өз достарын жалмап жатқанын бақылап отырған ақымақ; асыранды мангуст ұлына біреуді өлтірді деп жалған айып тағып, содан кейін оны өзі-ақ өлтірген анасы. Қысқасы, ол «өлім» деген сөзбен етене таныс еді.
– Қоқиқаздар жүзе ала ма? – деп сұрады ол қызғылт мүсінін су тұңғиығына батыру үшін қолын соза бергенде.
– Жүзе алмайды-ау, – дедім. – Бірақ олар сонда да суда жүреді. Телефоннан қарап берейін бе?
– Иә, – деді де, жауабымды күтті. Мен телефонға бұрылып іздеу сөздерін енгіздім. Сөйтсем, қателескен екенмін. Соны айтайын дегенімде ол қайта сөйледі. – Жүзе алмаса, онда несіне суда жүреді екен?
Көзім жеткен шындық мынау: ата-анамның тілі – мені белгісіздіктен құтқаратын көпір емес. Мен ұлыма өзімдікіндей бақытты балалық шақ сыйлай аламын – Крисмас пен Дивали, Холи мен 17 мамырдағы Норвегия күніне арналған шеру – бірақ ол әрқашан өзінің екінші тілі ағылшын тілінде ас үй сөздерімен қатар карантин ережелеріне қатысты сөздерді білетін болады және ол хинди тілін мен өзімді оқшау сезінбейтіндей деңгейде ешқашан білмеуі де мүмкін. Бір сәтке тұйыққа тіреліп қалдым, ал ол өз сұрағына өзі жауап берді.
«Живан уска пани һэ» – «оның өмірі – су» – деді ол. Бұл оның тілі шықпастан бұрын мен оған ваннада оқыған өлеңнің бір жолы еді, бұл соңында барлығы өлетін өлең оған қалай әсер етеді деп алаңдайтыннан да ертерек кездер еді. Ұлыма қарадым, ол қоқиқазды бір сүйді де, жақсыға үміттенген кейпімен оны күмп еткізіп қолынан жібере салды.