Адам түк бітірмесе де, өз ісін маңызды етіп көрсетуге тырысады

(Аударуға тұрарлық кітаптар)


Шапағат Сердәліқызы

Біздің қоғамда ақылды адам өзінен де ақылды адамды жалдап алады. Шын мәнінде, барлығымыз жалдамалы құлмыз немесе еңбек, ақыл-ойымызды сататын саудагерміз. Себебі, біз аш қалмас үшін, өмірде ең негізгі қажеттіліктерімізді өтеу үшін біреуге жалданып жұмыс істейміз. «Ел игілігі, мекеменің дамуы үшін» деп өтірік айта саламыз. Көбіміздің күнкөріс үшін жүргенімізді мойындауға батылымыз жетпейді. 

Мейлі, ол жұмысымыз қоғам үшін түкке тұрғысыз болса да істей береміз. Өйткені «аш қаламын ба, бала-шағамды қалай асыраймын, несиемді қалай төлеймін» деп  ақшасыз қалудан қорқамыз. Осы қорқыныштың бәрі бізді  мәнсіз, өзімізге ұнамаған істі істеп жүре беруге мәжбүрлейді. Бір жағынан, бұл – көнбістік. Ал көнбістіктің астарында – «экономикалық қылмыс» жатуы мүмкін. Экономикалық қылмыс демекші, түкке тұрғысыз жұмыстың салдарынан, жұмыс беруші сізге ақша төлеу арқылы ел экономикасына түк пайда әкелмеуі мүмкін.

Мысалы, Дэвид Гребердің «Түкке тұрғысыз еңбек. Мәнсіз қызмет түрлері туралы трактат» атты кітабында осы жайлы кеңінен мәселе қозғалған. Ол еңбек нарығындағы кейбір жұмыс түрлерінің пайдасыз екендігін баяндай келе, негізгі үш сұраққа жауап іздейді.

 Олар: 

1. Адам мәнсіз еңбекпен айналысуға неге келіседі? 

2. Мәнсіз жұмыс түрлерінің көбеюіне қандай экономикалық-әлеуметтік күштер себепші болды? 

3. Мәдени және саяси деңгейде, қазіргі экономиканың мәнсіз еңбекке негізделген салаға айналып бара жатқанын неге ешкім әлеуметтік проблема деп  есептемейді? Неге бұл проблеманы ешкім шешкісі келмейді?

Осы сұрақтар төңірегінде әлеуметтік мәселелерге үңіле отырып, автор өзіне ұнамайтын жұмысты істеп жүре беретіндердің жағдайға «қалыпты нәрсе» деп қарайтынын алға тартады. Ал сол «қалыпты жағдай қалайша пайда болады?» деген сұраққа өзінше жауап іздейді. Кітапты оқи отырып сіз қазіргі заманда пайда болған жаңа жұмыс тұрлері, оларға кетіп жатқан шығын туралы көбірек ойланасыз. Әсіресе, бұл кітаптың ХХІ ғасырдағы еңбек нарығын зерттеуде орны ерекше екенін түсінесіз! Айналаңызда еңбек етіп жүрген адамдардың нәпақасын қай жұмыс түрі арқылы пайда тауып жүргеніне мән бересіз! Оған қоса, таныстарыңыздың «істеп жүрген ісі қоғамға пайдалы ма, бұл жұмыс түрі жоқ болып кетсе, не болады, не өзгереді?» – деп ойлайсыз!

«Түкке тұрғысыз еңбек» трактатының авторы Гребер «технологиялық прогресстің ықпалынан біраз жұмыс орындары, қызмет түрлері жойылады» деген концепцияны жоққа шығарады. Оның ойынша, мәнсіз жұмыс ұғымы арқылы қазіргі заманғы күрделі әлеуметтік проблемалардың мән-жайын түсінуге болады. 

Дэвид Гребердің осы кітабы шыққан соң, кәсіпкерлер, экономистер, қаржыгерлер мен әлеуметтанушылар, саясаткерлер мен ғалымдар дүр сілкінді. Тіпті, аталған мамандардың миында бомба жарылды, «тот басып кеткен миы» қозғалды десек те болады. 

Мысалы, авторы еңбегінде барлық салада мәнсіз жұмыс түрлері бар екендігін нақты аргумент, фактілермен дәлелдеп берген. «Олардың еңбегі пайдалы болмаса да, жұмысшыларға айлық төленуі үшін бюджеттен немесе компания капиталынан қаржы бөлініп отыр» деген  әрекетке басымдық берген. Сондай-ақ көптеген мекемелерде нағыз кәсіби  маманның аз жалақы алатынын, ал оның бастығы түк бітірмесе де, «лауазымы жоғары болғандықтан ғана» одан көп айлық алатынын айтқан. 

Автордың зерттеуінше, кейбір мекеме бастықтары аса қажетті болмаса да, өзіне көмекші, хатшы аса қажетті жалдайды. Мәселен, кей бастық өзін қоғамда басқаларға маңызды, «авторитетный тұлға» ретінде көрсету үшін өзіне көмекші алады. Сол арқылы өзінің қызметі мен істеп жүрген ісінің қоғамға қаншалықты пайдалы екендігін көрсеткісі келеді. 

Ал негізінен экономикалық тиімділік тұрғысынан қарағанда, компания өзіне қажетсіз жұмысшыларға ақша төлемеуі керек. Дегенмен, жағдай басқаша. Қазір көптеген мекемеде бастықтың орынбасары,  жеке хатшысы, жеке көлік жүргізушісі бар. Ал шын мәнінде сол қызметкерлердің не қажеті бар? Олар болмаса, жұмыс жүрмей қала ма? 

Өкінішке орай, еңбек нарығында мәнсіз іске жалданатындар мен оны жалдаушылар көп. Әлі күнге дейін аса қажет жұмыс, қызмет түрлерін анықтайтын жүйе жоқ. Менеджментті жоғары деңгейде меңгермеген, қаржы ресурстарына үстемдік ететін бастық  басқалардан «басқару жүйесін көшіріп», өзіне адам жалдай салады. Ақырында жұмыс орындары өндірістік қажеттілік болғандықтан емес, қолында билігі бар біреу «жұмыс орындарын ашу қажет» деп шешкен кезде пайда болады. Технологиялардың қарыштап дамуы да бұл процесске біз күткендей ықпал етпейді. Қайта, технология артқан сайын, соған сай мамандар, қызмет түрлері көбейе береді.  «Дәл жұмыстың пайдасы не, оның не қажеті бар?» дейтіндер азаймайды. 

Өзіңіз ойланып көріңізші, сырттан қарағанда түк бітірмейтіндей көрінетін қызметкерлер бар. Мысалы, әкімшілікте, мемлекеттік қызметте дегендей. Әйтсе де, олар өз ісін сырт көзге өте маңызды етіп көрсетуге тырысады. Ал іштей жұмысының мәнсіз екенін біледі. Компанияға еш пайда әкелмейтінін сезеді. Бірақ білдіртпейді. Уақыт өте келе өз жұмысын өте жақсы көретін адамдай көрінуді шебер меңгеріп алады. Олар қызметте бастықтың алдында жандайшаптар, баскесерлер, жамаушылар, көзбояушылар, қадағалаушылар боп қызметін жалғастыра береді. Технологияның арқасында бір күнде бітіретін істі өте күрделі етіп көрсетіп, бес күнде әрең бітіреді. Себебі, өзін компанияға маңызды адам  етіп көрсетуі керек емес пе? Соның салдарынан мәнсіз жұмыстың қақпанына түсіп, құтыла алмай қалады. «Өзіне-өзі моральдық зорлық-зомбылық көрсетуді әдетке айналдырады». Нәтижесінде, өзін түк бітірмегеніне кінәлайтын бақытсыз адамдар көбейеді. Олар түбінде құлазиды, оның салдарынан суицид жасауы  да мүмкін. 

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін «қоғам мәнсіз жұмыс түрлерінің көбеюін сынауға неге құлықсыз?» деген сұрақ төңірегінде терең зерттеген жөн. 

Адам азаттықты, еркіндікті көп айтады. Жеме-жемге келгенде өзін мәнсіз жұмысқа жіпсіз байлап қояды. Шын мәнінде, адам  нағыз еркіндікке ұмтылу деген ұғымды түсіне бермейді. Тереңірек ойланбайды.  Осы мәселе жөнінде қазақ қоғамына ой салу үшін Дэвид Гребердің «Түкке тұрғысыз еңбек. Мәнсіз қызмет түрлері туралы трактат» кітабын қазақ тіліне аудару қажет. Бізде түкке тұрғысыз басқармалар мен министрліктер көп қой. Бәлкім, біреуіне ой салар... Көл мен шөлді суреттеумен жазылған романдардан өзге, іскерлік әдебиетке де орын беру керек.