Оқырман нені қалайды?
Шапағат Сердәліқызы
Сиырды аш қойып, одан сүт дәметуге болмайды. Сол секілді жазушыдан жақсы шығарма күту үшін, оның оқуына, өзі оқыған кітаптар арқылы құндылық өндіруіне мүмкіндік беру керек. Жазушы оқу және ойлану, түсіну арқылы ғана құндылық өндіре алады.
Жазушы оқырманның нені қалайтынын білу үшін алдымен өзі жақсы оқырман болуы керек. Соңғы жылдары өзім оқырман ретінде психологиялық иірімдерге толы, адам болмысын суреттейтін кітаптарды оқып жүрмін.
Меніңше, қазір оқырман рухани аш. Олар мейірім мен махаббатқа мұқтаж. Өзін сене алатын, өзін қолдай алатын ортаға зәру. Қазір әр адамның ішіне бір-бір «жалғыздық құсы» ұя салып алған. Әлгі жалғыздық ұясынан адам не қашып құтыла алмайды, не жалғыздығын біреуге айта алмайды. Айтса, «мені осы сөзім, ойым үшін мұқата ма, мені дұрыс түсінбей қала ма?» деп қорқады. Содан әке-шешесіне қолдау күткен әлжуаз баладай жан-жағына жалтақтай қарайды. Жақсы жұмысы, үй, көлігі, отбасы болса да өзін жалғыз сезінеді. Өзін ешкім түсінбейтіндей көрінеді. Күнделікті өмірде депрессияның тұзағына түсіп қалып, құтыла алмай, «өз ойындағы торға қамалады». Ақырында ешкімнен қолдау болмасын, ойының тұңғиығына өзін-өзі ғана алып шығарын білгендіктен әрекет қылады. Жалғыздықтан құтылып, ойын басқа арнаға бұру үшін қазіргі сәнді психологиялық кітаптарға үңіледі. Адамдармен араласқанда кикілжіңге тап болмас үшін өзін жетілдіреді. «Кітаптан өзіме қажетті инсайт алып қалармын» деп дәмеленеді. Эмоционалды интеллектісін басқарып үйренеді.
Былай ойлап қарасаңыз, мұның бәрі адамның махаббат пен мейірімге мұқтаждығынан. Стресс, суицид, мазасыздық осының бәрі адамның қатыгез боп кетуінен, моральдық вампир рөліне кіріп алғандығынан шығады.
Сондықтан психологиялық, сезімге толы, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге көмектесетін кітаптарды жиі сатып алады деп ойлаймын.
Сөзіме дәлел болсын, өткен жылы «Меломан» сауда желісі пандемия кезінде ең көп сатылған кітаптардың тізімін жариялаған болатын. Әлгі тізімнің көш басында Михаил Лабковскийдің «Хочу и буду: Принять себя, полюбить жизнь и стать счастливым» кітабы тұр. Ал одан кейінгі орындарда Сара Кэмеронның «Аштық жайлаған дала», Синсеро мен Марк Мэнсонның, Ермек Тұрсыновтың «Қара шаңырағы» мен Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» және К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген кітабы мен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тұр. Ал Instagram желісінде психолог пен мотиваторлардың кітабы көп сұранысқа ие. Олардың қатарында Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптары бар. Оған қоса, кәсіпкерлерге арналған Қуаныш Шонбайдың кітаптарына сұраныс айтарлықтай жоғары.
Бірақ бұл көрсеткіш классикалық шығармаларды оқырман мүлдем қажет етпейді дегенді білдірмейді. Қазақ тілді аудиторияның арасында Абай Құнанбаевтың, Бауыржан Момышұлының, Таласбек Әсемқұловтың, Мұхтар Мағауинның кітаптарын арнайы сатып алып оқитындар да бар.
Цифрлық технологиялар қарыштап дамығанымен, әдеби кітаптар өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс артып келеді.
Кітапты таңдап, талғап оқитын жастар көп. Мәселен, «Меломан» кітап дүкендер желісінің кез келген нүктесіне бара қалсаңыз, кітап сатып алып жатқан үлкен кісілерге қарағанда, 16-30 жас аралығындағы оқырмандарды көптеп кездестіресіз. Өзім осы жастағы кітапсүйер қауымды көп кездестіріп жүрмін.
Әрине, әлгі кітаптардың барлығы «ақыл айту стилінде жазылған» деуге келмейді. Меніңше, оқырманға ақыл айтуға болмайды. Ойы жан-жақта шашырап, аласұрып жүрген оқырманға сезім сыйлайтын, өзінің іс-әрекетіне баға беру үшін шығарманы аяғына дейін оқуға жетелейтін қызықты мазмұн керек. Бәрінен де бұрын қазіргі оқырманға ой-өрісін дамытатын, әлемге жаңаша көзқараспен қарауға итермелейтін, интеллектуалды шығарма керек.
Қырда кетіп бара жатқан қоянды екі беттей етіп суреттейтін шығарманы оқуға көп оқырманның шыдамы жете бермейді.