XINJIANG
Tiлек Ырысбек
Шыңжаң, неге біз өмір сүре алмаймыз сенімен бірге?
Мүмкін, біз ұмытқан шығармыз сені
Шыңжаң,
Туған жерім менің.
Сен маған енді ешкім емессің
Сен менің отаным емессің енді
Сен жай ғана мәтінсің, тақтаға су тиген бормен жазылған.
Сен сол үшін ғана өмірде барсың, қаритада барсың.
Сен ештеңе емессің, сен жай ғана Ләйзысың, дүкенде киімдер сататын,
Сен оның әйелісің үйрек бағатын.
Сен көшеде жанымнан өткен бір бейнесің, мен сол секілді сенің түріңді ұмытқам.
Шыңжаң.
Коммунизм сен үшін жұмақ, ол Дарвин, Ол Дюшан,
Ол Герхард.
Жұмақ коммунизм, бірақ ол үшін өз атыңды қағазға мың мәрте қайталап жаз.
Тиянанмын, Тибеттен қастерлі деп кім айтты саған?
Мүмкін Хайзы* (Хай Цзы) сол үшін өлген шығар пойыздың астында Индияға айналып.
Шыңжаң бейшара Шыңжаң сен қашан кептерге айналар екенсің, мүмкін сен кептер де болған шығарсың өткен өміріңде, ал қазір Шыңжаңға айналған, қара жерге айналған,
мүмкін сені жеп қойған шығар Маузыдуң балалық шағында.
Шыңжаң мен саған оралғым келеді, тек балалық шағымда, немесе келесі өмірде сен болып өмірге келейін, топыраққа айналып, қарғаларға айналып, сосын төбемнен қарғалар ұшып өтсін үнемі, менің балалық шағым жүгіріп өтсін үстімнен, қарғаларды қалай қуалағанымды, көріп ойланайын өткен өмірімде кім болғанымды.
Шыңжаң
Қарғалар аспанды жауып ұшады, кемпірқосаққа айналып.
Шыңжаң қарғаларға айналып ұшып кетті енді, Будданың су бетінен көтерілген өз бейнесі секілді...
Шыңжаң – лагерь. Шыңжаң – пионер мұсылман.
Мүмкін біз қателесіп туған шығармыз, сені сағыну үшін, сені ұмыту үшін...
Шыңжаң